Тұнып тұрған тәрбие

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Еліміздегі құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын атаулы күн 2007 жылдан бері аталып өтіледі. Бейбіт күнде азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын полиция қызметкерлерінің биыл 25 жылдық мерейтойы.

1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып құрылғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды.

Жоғарыда аталған үлкен мерекелердің қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы патриоттылықтың бесігі атанған мектептерде ізгі іс-шаралар өткізілуде. Осы орайда Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкерлері Қостанай қаласының № 10 орта мектебінде өткен сәби батырлардың сайысына куә болды. Сайысқа Академияның тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Тимур Тулубаев, мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, полиция капитаны Медетбек Смагулов, мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы, полиция аға лейтенанты Аслан Қаражан қазылық етті.

Әскери өнерді көрсету сайысына 5,6,7 сынып оқушылары қытысты. Сайысқа қатысушылар саптық қадам, орынында тұрып бұрылулар, пәрмендерді орындау, қатарға сапталу, саптық ән және киім үлгісі санаттары бойынша сынақтан өтті. Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда демекші «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған 6 «В» сыныбы болды.

Жас буындарға нысандық киім үлгісін кигізіп, Отан қорғауға баулып, патриоттылыққа қалыптастыру осы алтын ұя мектепте орын алады. Бұл іс шараны ұйымдастырған № 10 мектептің директоры мен барлық ұжымына алғысымызды білдіреміз.

Мемлекеттік-құқықтық пәндер

кафедрасының аға оқытушысы

полиция капитаны М.Смагулов