Курсанттар Академия ардагерін құттықтады

Даналықтың алтын кілті– қарияларымыз. «Қарты бар үй, қазыналы үй». Бұл сөздер бекер айтылмаған.

Зымырап уақыт өтіп жатыр, кеше арамызда жүрген аға-апаларымыз бүгін ақ сақалды атаға, ақ жаулықты әжеге айналып, ардагерлер қатарына қосылған. Оларды ұмытпай, мерекеде құттықтау, көмек қолын созу, жас ұрпақты таныстыру, кездестіру – біздің парызымыз.

7-мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Академияның күндізгі оқыту факультетінің 203 оқу тобының курсанттары Академия хатшылығында жылдар бойы қызмет еткен Академия ардагері Чувалова Валентина Давыдовнаның үйіне барып, келе жатқан мерекелер – 7-мамыр Отан қорғаушылар күнімен, 9-мамыр Жеңіс күнімен ардагерді құттықтады. Сонымен қатар, қарт анаға шаруашылық жағынан көмек көрсетті. Ұлдар қоршауларын жөндеп, отынын жарса, қыздар ауласын тазартып, шарбағын сырлады.

Ардагер ана курсанттардың бұндай көмегіне үлкен ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды. Бастарына амандық, бақыт тілеп, осындай мамандық таңдаған өзінің ізбасарларына ақыл-кеңес берді. Әрқайсысының биіктен көрініп, елінің елеулі азаматы болуларын тілеп, ақ батасын берді.

Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас деген сөз бар қазақта. Үлкеннің батасын алған курсанттар ізгі іс жасағандарына өздері де  қуанышты екендіктерін айтты.

Бұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор. Курсанттарды адамгершілікке, инабаттылыққа, сыпайылыққа, сыйластыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейді.

Осы іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз.

 

203 оқу тобының кураторы,

полиция майоры Ж. Базарбаева

Топ кураторының көмекшісі,

полиция аға лейтенанты А. Мұрат