Тәжірибелік қызметкермен кездесу

Оқытудың тәжірибелік бағытын нығайту мақсатында және курсанттарды болашақ мамандықтарының түрлі саласымен таныстыру мақсатында 2017 жылдың 12 сәуірі күні Күндізгі оқыту факультетінің 2-курсының 203, 2013 топтарының курсанттарымен Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушыларының кездесуі өткізілді.

Кездесуге Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/8 мекемесі бақылау жұмысы бөлімінің бастығының орынбасары, әділет капитаны Кульмухамбетов Аман Нагашбаевич және Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД РУ-170/1 мекемесі режим және күзет бөлімі бастығының орынбасары, әділет аға лейтенанты Мурзагалиев Ерген Асқарұлы қатысты. Тәжірибелік қызметкерлер болашақ офицерлерге жалпы қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі, мекемелердің атқаратын қызметтері мен өз қызметтерінің бағыты бойынша ақпарат берді.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы ІІД Сазды аудандық ІІБ бастығының орынбасары лауазымын атқарған А.Н. Кульмухамбетов курсанттарды ішкі істер органдарындағы қызметпен де таныстырды. Тәжірибесі мол қызметкерлер курсанттарға нағыз офицер атағына сай болудың қыр-сырын, еліне адал қызмет ету мен ел алдындағы борышын мүлтіксіз орындау туралы патриоттық бағыттағы ақыл сөздерін де айтты.

Бұндай кездесулердің курсанттар үшін маңызы өте зор, өйткені олар Академия қабырғасынан бастап тәжірибелік жұмыстың қыр-сырын біле бастайды, жұмысқа барған уақытта кішкене болса да әр бөлімнің жұмысымен таныс болады.

Курсанттар тәжірибелік қызметкерлерге қызықтырған сұрақтарын таласа қойды, ал офицерлер болса, арттарынан еріп келе жатқан ізбасушы болашақ қызметкерлерге білгендерін аямай, бөлісті.

Осы сипатты кездесулердің тәрбиелік мәні де зор екені белгілі. Аға буынға қарап өскен курсанттардан болашақта жақсы маман, нағыз офицер шығатыны сөзсіз.

Сөз соңында ұйымдастырушы офицерлер келген қонақтарға осындай мәнді де танымды әңгімелері үшін алғыс айтып, бүгінгі қоса келген мереке – ғарыш күнімен де қатысушы қонақтар мен курсанттарды құттықтап өтті.

203- тобының кураторы,

полиция майоры Ж. Базарбаева

куратордың көмекшісі,

полиция аға лейтенанты А. Мұрат