Тәжірибе мен оқудың ұтымды ұштасуы – кәсіби біліктіліктің кепілі

2017 жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының күндізгі оқыту факультетінің 3 курс курсанттары Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушысымен кездесті.

«ІІО сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі» пәні бойынша тәжірибелік сабақ шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-нің ОВ-156/14 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы әділет майоры Оразғалиев Ермек Камаданұлы тәжірибедегі бірқатар мәселелер жайында дәріс оқыды.

Аталған сабақтың шеңберінде бұған дейін де сыбайлас жемқорлықпен күрестің құқықтық жақтары, сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасы, нормативтік-құқықтық актілер, сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері, қоғамға тигізіп жатқан салдары, халықаралық деңгейде күресу жолдары жайында бірқатар сұрақтарды талқылаған болатынбыз. Курсанттар осы мәселелер жайында тәжірибелік қызметкердің көзқарасын білуге тырысты.

Сотталғандар арасында тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша бірнеше жылғы тәжірибесі бар, жұмыс өтілін қатардағы қызметкер лауазымынан бастаған Е.К. Оразғалиев өзінің бай тәжірибесімен бөлісті. Өзімен бірге жұмыс жасап жүрген тұлғалардың арасында сыбайлас жемқорлық деректері бойынша және басқа да құқық бұзушылықтары үшін сотталып кеткен тұлғалар жайында мысалдар келтірді.

Сонымен қатар кәсіби біліктілікті арттыруда болашақ қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы, олардың құқықтық жағдайлары мен міндеттері жайында бірқатар мәселелер қозғалды. Тәжірибе мен оқуды біріктіре отырып, сыбайлас жемқорлық құбылысымен және басқа да құқық бұзушылықтармен күресу оң нәтижесін береді деген ойдамыз.

Қылмыстық, қылмыстық-атқару

құқығы және криминология

кафедрасының оқытушысы

полиция майоры

З.М. Суйеубаева