Үздік аудармашылар

Екі күнге созылған қызметкерлер арасындағы «Үздік аудармашы» байқауы өз мәресіне жетті. Қатысушылар арасынан суырылып алға шыққан 6 қызметкер финалда өз бақтарын сынады. Оларға «Сегіз қырлы, бір сырлы қызметкер» аталымы аясында мемлекеттік тілде өз өнерлерін көрсету ұсынылды.


Бірінші болып сахнаға көтерілген МҚП кафедрасының аға оқытушысы Е.Н. Пилецкая мен ӘҚ және ӘҚ кафедрасының оқытушысы А.Н. Медведева қазақ халқының «Құлақ тесу» дәстүрін көрсетті. Қазақ тілінде сахналанған көрініс көрермендердің көңілінен шықты. Екінші болып жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының аға оқытушысы А.С. Еременко «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбын слайд арқылы аша білді. ІІО әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасының аға оқытушысы А.А. Конвисарь караоке негізінде Н.Өнербаевтың «Анасы бар адамдар» әнін шырқауға барша көрерменді тартты. Қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушысы А.Ю. Тимошенко «Махаббат жалыны» әнін нақышына келтіре әуелетсе, Қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы және криминология кафедрасының оқытушысы М.В. Олексюк қазақтың ұлы ақыны Абай туралы танымдық ақпарат ұсынды.


Екі кезеңнің нәтижесін сарапқа салған әділқазылар алқасының шешімімен:
Бас жүлдеге: А.А. Конвисарь;
1-орынға: Е.Н. Пилецкая, А.Н. Медведева;
2-орынға: М.В. Олексюк, А.С. Еременко, А.Ю. Тимошенко лайықты деп танылды.
Мемлекеттік тіл байқауында бағы жанған жеңімпаз қызметкерлер Академия бастығының құқығымен марапаттауға ұсынылды.

Құрбанәлі Елмұратов,
Мемлекеттік тіл
бөлімшесінің бастығы