«Ана – өмір шуағы» тәрбие сағаты

Ана — бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Батыр да, ақын да, данышпан да анадан туған. Ақ сүт беріп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шұқыттырмай өсірген анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да парызын өтей алмайсың. Дүниенің ең кереметі де, ең сұлуы да – аналарымыз. Дүниедегі ең жұмсақ нәрсе – анамыздың аяулы алақаны, дүниедегі ең тәтті нәрсе– анамыздың ақ сүті. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы, ең алдымен, балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де, ең алдымен, анадан тарайды.

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында күндізгі оқыту факультетінің 2 курсының 203 оқу тобының курсанттарына «Ана – өмір шуағы» атты тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағатының мәні курсанттардың аналарына деген асыл сезімдерін одан әрі күшейту, ана қадірін білуге тәрбиелеу, анаға деген баланың парызы мен қарызы туралы түсінік беру болды.

Сонымен қатар тәрбие сағатына жүрегі шексіз кең, мейірімді, абзал аналардың бірі, екі баланың анасы, сонымен қатар биік белестерге өрлеген, полковник атағына жеткен оқу орнымыздың Білікілікті арттыру және қайта даярлау институтының бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Гайда Байгуровна Жандарбекова шақырылды. Айта кету керек осындай қыз өсірген Гайда Байгуровнаның анасы Мальчубаева Купия Абдрахманова — Қазақстан Республикасының еңбегін сіңірген дәрігері, КСРО денсаулық сақтау үздігі, Қостанай облысының құрметті азаматы. Ол анаға деген мейірім, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге үлгі бола білу, курсанттардың бойында ізгілік, инабаттылық, биязылық сияқты қазақ ұлтына тән жақсы қасиеттерді қалыптастыру туралы курсанттарға ой салар дәріс оқыды.

Осындай тәрбиелік мәні бар, мазмұнды әңгімеден соң,бас продюсepi – Алия Назарбаева, режиссері – бәрімізге танымал Ақан Сатаевтың патриоттық мәні бар «Анаға апарар жол» фильмі көрсетілді.

Тәрбие сағатының соңында тәрбие сағатына қатысушы барлық әйелдер қауымы мен курсант қыздар мереке бастамасын сезінді. Аталған топтың кураторының көмекшісі, ғылыми және педагогикалық магистратураның 2 курс магистранты, полиция аға лейтенанты А. Мұраттың басшылық етуімен топ жігіттері офицер ханымдар мен қыздарды мерекелерімен құттықтап, шағын сыйлықтар сыйлады.

Ж. Базарбаева

203-топ кураторы, полиция капитаны

А. Мұрат

203-топтың кураторының көмекшісі,

ғылыми және педагогикалық

магистратураның 2 курс магистранты,

полиция аға лейтенанты