Алғыс айту күні — Академияға ата-аналар алғыстарын білдірді

 

Бүгін — Қазақстанда Алғыс айту күні. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілгені баршамызға аян.

Бұл мереке Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл екінші рет атап өтіліп отыр. Сондай-ақ бүгін – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. 1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.

Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер мен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет.

Міне осы мерекеге орай, бүгін 1 наурыз күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының саптық алаңында салтанатты іс-шара өтті.

Аталмыш іс-шараға курсанттардың ата-аналары және басқа да академия ұжымын құттықтай келген қонақтар қатысты.

Салтанатты жиынды Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов әтеттегі құттықтауынан бастады;

-Құрметтті ата-аналар, офицер мырзалар мен курсанттар! Сіздерді бүгінгі айтулы мерекемен құттықтай отырып, шын жүректен алғысымды айтамын. Біздің бірігіп еңбек жасағанымыздың арқасында қазіргі таңда Академияны дүйім жұрт жақсы танып қалды десем артық айтқандық болмас. Бүгінгі іс шараға қатысып, отырған ата-аналар Сіздердің бүгінгідей ұл-қыз тәрбиелеп, біздің оқу орнымызға сеніп оқытып жатқандарыңызға мың алғыс – деді, өз құттықтауында.

Академия бастығының құттықтауынан кейін ата-аналардың атынан 3 курс курсанты Виктория Демянчуктің анасы Вера Петровна академия ұжымына және басшыларына төмендегідей білдірді;

  • Бүгін өте маңызды – алғыс айту күні. Осы күнді пайдаланып, барлық курсанттардың, ата-аналардың атынан және өз атымнан бірінші кезекте Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы Қызыловқа және академия басшылығы мен оқытушыларына ерекше алғыс білдіремін.Болашақта барлық жұмыстарыңызға, ғылым жолында жемісті еңбек тілеймін. Біздің балаларымыз әрқашанда дипломдармен мақтау қағаздарымен марапатталады, бұл дегеніңіз Сіздің жоғары кәсібилігіңіздің арқасы деп ойлаймын. Рахмет Сіздердің қолдауларыңызға, назарларыңызға! Рахмет біздің осындай отан қорғаушылармызды адами қалыпта тәрбиелеп жатқандарыңызға деп, — ағынан жарылды.

Барлық құттықтаулардан кейін, Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы Академияға еңбегі сіңген кейбір қызметкерлерге төс белгі, медалдар беріп, көптеген үлгілі курсанттардың ата-аналарына алғыс хаттар табыстады.

Және Академияның белгілі спортшы курсанттарына мақтау қағаздарымен дипломдары берілді.

Жиын соңында барлық офицерлер мен курсанттар салтанатты түрде сап түзеп, саптық алаңда жүріп өтті.

Міне, осылай Елбасымыздың көреген саясатының арқасында өмірге келген «алғыс күні» барша академиялықтар алғысқа бөленді.

 

 

ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай

академиясының баспасөз хатшысы

Мейрам Маратұлы Оспанов