Тұғыры биік – Ата заң

1995 жылдың 30 тамызында жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа бағытта дамуының іргесін қалауға негіз салған тарихи оқиға орын алды – республикалық референдумда тәуелсіз Қазақстанның қолданыстағы, екінші Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияны Қазақстан халқы демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, халқымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып қабылдады. Тәуелсіз мемлекеттігіміздің тірегі болған бұл Конституцияға қоғамдық даму тарихында маңызды орын беріледі. Бұл Конституция еліміздің стратегиялық мақсаттарын анықтаған Ата Заң болды. Конституция Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде орнықтырумен қатар мемлекеттің басты мақсаттарын, қызметінің түбегейлі қағидаларын, мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы – адам, адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарын белгіледі.

1995 жылы қабылданған бұл Конституция тәуелсіз егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан маңызды құжат болып табылады. Бұл құқықтық-саяси құжаттың қабылданылуы Қазақстанның конституциялық құрылысының құқықтық негізін қалады, мемлекеттік-саяси институттардың қызметінің негізі болып табылатын тұжырымдарды орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, әлеуметтік-экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.

Мәні бойынша ҚР Конституциясы мемлекеттің негізгі заңы әрі жоғары заңи күші бар акт болып табылады. Ол – құқықтық жүйенің фундаменті, мемлекеттің негізгі құқықтық құжаты. Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық қоғам, құқық салаларының заңдық базасы, ал оның нормалары басқа нормалар үшін жетекші фундаменттік қағида болып есептелінеді.

Егемен Қазақстанның тарихында орын алған 1993 жылғы Конституциямен қоса, бұл 1995 жылғы Конституция да саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігінде терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі болып табылды.

1995 жылы қабылданған Конституция еліміздің экономикалық, әлеуметтік табыстарға жетуіне, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуіне, қазақстандық әрбір отбасының әл-ауқатының артуы мен өмір сүруі деңгейінің өсуіне, Қазақстанның демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуына берік тұғыр жасап берді. Олай болса, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясы құқықтық мемлекетті қалыптастыру мен қоғамды демократияландыру жолындағы тарихи маңызды белес болды. Әрі мемлекетіміздің жаңа экономикалық бағытта дамуының құқықтық негізін қалаған, жалпы адамзаттық құндылықтарды, негіздерді таныған, шынайы конституционализмнің орнығуын жалғастырған Негізгі Заң болып табылды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің негізгі ұстанымдарын бекітетін, адамның қоғамда алатын орнын байқататын Негізгі Заң. Оның нормаларын білу, мәнін ұғыну қазіргі кезеңдегі өркениетті елдердің мемлекеттік құқықтық тәжірибесінде қажетті болып табылады. Әсіресе құқықтық мемлекет құруды ұстанған Қазақстан үшін ол аса маңызды, аса қажетті. Себебі, қоғамның конституциялық-құқықтық сауаттылығының жоғары дәрежесі Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде орнықтырудың фундаменті, негізі болып табылады. Конституциялық сауаттылығы, конституциялық-құқықтық санасы жоғары қоғамда, мемлекетте ғана конституцияның жоғарылығы орын алады деп айтуға болады. Ал, Қазақстан Республикасы өзінің Негізгі Заңы – Конституцияда өзін құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде орнықтыратынын бекітіп, оған қол жеткізуді мақсат етіп ұстанған тұста конституцияның жоғарылығы мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Конституцияның жоғарылығы елімізде мемлекеттік биліктің орнығуы мен жүзеге асуының заңдылығының, адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде өз қолданымын табуының, мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметінің заңдылығының алғышарты, негізі болып табылады. Конституцияның жоғарылығы қабылданып және қолданылып жатқан заң актілерінің Конституцияға, оның талаптарына сәйкес келуін мүмкін ете отырып қоғам мүшелерінің (жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар) Конституция нормаларын сақтауын, бұлжытпай орындауын шамалайды. Демек, бүгінде Қазақстан құқықтық мемлекет құру бағытын ұстанып отырған тұста қоғамның конституциялық-құқықтық сауаттылығын көтеру құқықтық мемлекет құрудың алғышарты болып табылады.

Жалпы қандай мемлекетте болмасын конституциялық заңдылық режимін қалыптастыру үшін қоғам мүшелерінің құқықтық мәдениетін, құқықтық санасын, құқықтық білім деңгейін көтеру маңызды болып табылады.

Осы орайда Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы да Тәуелсіз елдің Тәуелсіздігін тойлауға арналған мерекелік 25 қадамды бастап та кеттік. Іс-шараларды ел дамуының елеулі тірегіне айналған Конституциямызды мадақтап, «Тұғыры биік – Ата заң» атты мерекелік викториналық сайыс өткіздік. Сайысқа күндізгі оқыту факультетінің 1-3 курс курсанттары қатысты. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Нәтижесінде үш жылдық білімдерін бекер алмағандығын дәлелдеп, өздерінің білімдерінің шыңын 3 курстың курсанттары көрсете білді. Сайыс тартысты өтті.

Сайысты өткізген:

МҚП кафедрасының аға оқытушылары:

полиция капитаны М.Смагулов

полиция подполковнигі Г.Цой

23_06_1 23_06_2 23_06_3 23_06_4 23_06_5 23_06_6 23_06_7 23_06_8