«Білім күні» аталып өтті

1-ші қыркүйек — Білім күні. Бұл күні барлық бүлдіршіндер мектеп, ал студенттер мен курсанттар жоғары оқу орнының есігін ашады. Үш ай демалыстары үш күндей өте шығатын зымыраған уақыт-ай десеңші. Әсіресе, ойын баласы үшін жазғы демалыстың орны ерекше ғой. Ойындары әлі қанбаған бүлдіршіндердің ерте тұрып мектепке баруының өзі бір ғанибет…

Міне, осындай кезекті демалыстарынан қайтқан академияның курсанттарын айтуға болады. Бір айдай ата-аналарының, бауырларының қастарында болған курсанттарда өз оқу орындарына оралып, білім ордасымен қауышты.

Бүгін, 1-ші қыркүйек күні Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының саптық алаңында «Білім күніне» орай салтанатты іс шара болып өтті.

Салтанатты іс-шарада академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов  барлық офицерлер мен профессорлық — оқытушылар құрамын және курсанттарды айтулы мерекемен құттықтап, кезекті арнайы атақтарын берді.

Академия бастығынан кейін іс шараға қатысқан академияның ардагері, отставкадағы полковник Борис Михайлович Болотских сөз алып, академия қызметкерлерін құттықтап, курсанттарға өз ақыл кеңесін беріп, академия қабырғасында тәртіпті болып, оқуда озат болуларына тілектестік білдірді.

Ардагерден кейін бірінші курстың курсанты Әлі Ернұрұлы құттықтау сөз алып, олда барша қонақтарды құттықтап, ел алдында «ант» берді. «Ант» берген соң, жылдағы дәстүр бойынша  4-ші курстың озат курсанты Балаби Асқарұлы, академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызыловпен  салтанатты түрде «алтын кілтті» 1-ші курстың курсанты Әліге тапсырды.

Салтанатты іс-шара соңында офицерлер мен курсанттар салтанатты саппен жүріп өтті.