Полицияға құрмет – елге ізет!!!

Бүгін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қостанай академиясының саптық алаңында «Қазақстандық полиция күнін» мерекелеуге байланысты салтанатты сап түзеу және туды алып шығу іс шарасы өтті.

Салтантты  мерекеде Академия бастығы полиция полковнигі М. Қызылов құттықтау сөз сөйлеп, барлық офицерлер мен курсанттарды құттықтады.

— Құрметті қонақтар, офицерлер мен курсант мырзалар!

1992 жылғы маусымның 23-інде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акті.    2007 жылы маусымның 5-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен маусымның 23 — Полиция күні деп бекітті.

Ішкі істер органдары – қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі болып табылады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс» — деп атап көрсеткен. Бұл халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Біздің халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы – бұл Сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Берген антына адал полиция қызметкерлерінің бұдан кейін де мақтаулы дәстүрлерді нығайтатындығына, дамытатындығына және азаматтардың мемлекеттің қуатын, құқықтық тәртіптің заңдылығы мен салтанатын сезінуі үшін бар күшін салатындығына сенімім мол.

Құрметті әріптестер! Негізгі міндеттеріңіз халық сенімін барынша иеленіп, қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметтеріңізді атқаруда жаңа табыстарға жетулеріңізге тілектеспін!

Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, құт-береке, бақыт және сәттілік тілеймін,- деді Академия бастығы полиция полковнигі  М. Қызылов.

Салтанатты шарада биыл бітіруші түлектерге «төс белгі» сыйға тартылып, кейбір жемісті еңбек еткен офицерлерге Ішкі істер министрінің және Академия бастығының мақтау грамоталары табысталды.

Мереке соңында Академия қабырғасында «Шырақбек Қабылбаев» атындағы курсанттар хоры, тамылжытып ән салды.

Осы күні түстен кейін академияның акті залында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қызметкерлерге әдемі көңіл күй сыйлады.

 

Тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкерлері