ҚР Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті

Бүгін — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы маусымның 4-де Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді — бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер — мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.

Осыған орай, 2016 жылғы 4 маусым күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының саптық алаңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне орай, салтанатты іс-шара өтті.

Аталмыш жиында Академия бастығы, полиция полковнигі М. Қызылов  құттықтау сөз сөйлейді. Мирлан Ахмедияұлынан кейін Академиямыздың ардагері, философия ғылымдарының докторы Сапар Қолдыбаев жүрек жарды лебізін білдіріп, барша қазақстандықтарды өз елінің патриоты болуға шақырды.

Қонақтардың құттықтауынан кейін бір топ қызметкерлер мен курсанттар марапатталды.

Салтанатты іс-шарада Академияның 1000-нан астам қызметкерлері әнұранды шырқап, көк туды көкке көтерді.

Туды көтергеннен кейін полиция каптианы Медетбек Смағұлов мемлекеттік рәміздер туралы, патриоттық сезімге толы баяндама жасады;

  • «Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып табылады. 1992 жылы республикамыз әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды» .

Мемлекеттік мекемеде мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған іс шара соңы салтанатты саптық қадаммен жалғасын тапты.

 

 

Академияның баспасөз хатшысы

Мейрам Маратұлы Оспанов