«Бірлескен жұмыс-жетістік кепілі»

24_01_1

Зерделесек, жетістік дегеніміз – рухани әрі дене қуатын бір мақсатқа бағыттау һәм сол мақсатқа жету. Қандай да бір істі тындырымды да тыңғылықты істеу де өз алдына жетістік. Ойдағыдай істелген іс, жоспарланғандай атқарылған жұмыс, мұрат етілгендей орындалған арман – жетістіктің нақ өзі. Дәл сол қажырлы еңбек пен бірлесе жасаған жұмыстың нәтижесінде оқу ордамызда бүгінгі таңда пікірсайыс саласында жоғары жетістіктерге жетіп жатыр. Қостанай облысы бойынша дебат ойындарынан 2015-2016 оқу жылын қорытындылау өз мәресіне жетті. Жалпы бұл қорытындылау құрамы, мектеп ойыншыларынан, колледж бен ЖОО студенттерінің, магистранттар мен дебат ойындарымен айналысатын әрбір адамның еңбегін ескере отырып жасалды. Бір аптаға созылған көпшілік әлеуметтік дауыс берудің негізінде Қостанай облысы бойынша пікірсайыстың түрлі номинация иегерлері анықталды. «Жылдың ең үздік турнирі» номинациясын ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының кубогіне арналған турнир иеленді. Аталмыш турнир Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған, полиция капитаны Ташенов Қ.Н. және «Заң және тәртіп» пікрсайыс клубының курсанттарымен ұйымдастырылған академиямыздың дәстүрлі турнирі болып табылады. Ашық дауыс беруде жұртшылықтың көп дауысын жинаған турнир өз алдына деңгейі жоғары екендігін тағы бір дәлелдеді. Сонымен қатар 3 курс курсанты, полиция кіші сержанты Қабай Манар «Жыл ұйымдастырушысы» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұл номинация пікірсайыс турнирлерін өз дәрежесінде үздік, әділетті  ұйымдастырудағы еңбегі үшін беріледі. Пікірсайыс саласындағы осындай жетістіктердің көп болуы нұр үстіне нұр. Жарқын болашаққа жақсы бастама болып табылады.

Академияның баспасөз хатшысы М. Оспанов