Батыр туралы біліп жүреді

20_04_1

«Ер қанаты – тұлпар» деген сөз бар. Асау тұлпарды да, темір тұлпарды да ерттеп мінген нағыз батыр, нар тұлғалы, көркем мінезді, келіскен қазақ жігіті Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров үстіміздегі мешін жылы мерейтой 70 жасқа толды.
Осыған орай ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы Тілдер кафедрасы Тәуелсіз еліміздің 25 жылдығы мен оқу орнымыздың 45 жылдығына арнап тәрбиелік іс-шара өткізді. Оған күндізгі оқыту факультетінің 1-курс курсанттары қатысты. Шараның басты мақсаты – кейінгі жастарға қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер туралы, отандық ғарыш саласының өткені мен болашағы жайлы ақпарат беру, сондай-ақ, олардың отансүйгіштік сезімін жаңа биіктерге көтеру. Батыр Тоқтар Әубәкіровтің өмірбаянына, атақ-даңқтарына қысқаша тоқтала кетсек, ол 1946 жылдың 27 шілдесінде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы 1май ұжымшарында дүниеге келген. Екі ұлдың әкесі. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры (1988 ж.), Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы (1995 ж.), техника ғылымдарының докторы (1998 ж.), профессор (1997 ж.), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры, «Отан», «Құрмет Белгісі» және екі мәрте Австрия Республикасының «Алтын Крест» ордендері мен бірқатар медальдың иегері.
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, 10 қазанда Жерге оралды. Іс-шара шымылдығы елімізге танымал жас әнші Төреғали Төреәлінің орындауындағы «Байқоңыр» бейнебаянымен түріліп, қысқаша косманавтика және адам баласының ғарышқа ұшқанына 55 жыл толуына, сонымен қатар, қазақтан шыққан ғарышкерлер – Талғат Мұсабаев (1995 ж.) пен Айдын Айымбетов (2015 ж.) туралы ақпараттар беріліп, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің өмірбаяны, қызметі туралы, ғарышқа алғаш ұшқан кездердегі қызықты, танымды бейнематериалдар кеңінен ұсынылды. Осылайша, оқу ордасының курсанттары батырдың ерлік жолын жадыларында мықтап сақтап, біліп жүретін болды.

Е.ДЕРІПСАЛДИН,
Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы
Тілдер кафедрасының аға оқытушысы,
полиция подполковнигі