Жұртына сыйлы Сметановский

20_03_1

Александр Сметановский есімі бүгінде Тобыл жұртшылығына кеңінен таныс. Ішкі істер органдарында 24 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз мемлекеттік тілді жетік біледі. Бүгінде ІІМ Қостанай Академиясының Әскери және тактикалық арнайы даярлық кафедрасының бастығы, полиция полковнигі. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Александр Юрьевичтің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ішкі істер министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын омырауына қадап, Құрмет грамотасымен және басқа да сыйлықтармен марапатталған.

«Әке көрген оқ жонар…»
Әлқисса. Александрдың балалық шағы қаймағы бұзылмаған Торғай өңірінде өтті. Сол себепті де қазақ тіліне жетік болып өсті. Мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде, көпшілікті еріксіз таңдандырады. Әңгіменің майын тамызады. Қазақтың қара домбырасымен ән айтқанда, тыңдаған жанды сүйсінтпей қоймайды. Кейіпкеріміздің қазақ тілін терең меңгеруіне анасы Лидия Михайловнаның көп ықпалы болыпты. Өзі де қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін. 1956 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институтты бітіріп, жолдамамен Торғай өңіріне келген жас маманды Жанкелдин ауданы Албарбөгет кеңшарындағы Тәуіш елді мекеніндегі мектепке жібереді. Ол сондағы мектепке жұмысқа орналасып, қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс оқиды. Ал отағасы – бұрынғы әскери офицер Юрий Сметановский осы білім ұясында шәкірттерге алғашқы әскери дайындықтан сабақ береді. Осылайша, тумысынан жайдары мінезді жандар Торғай жұртшылығымен етене араласып, жергілікті халыққа сіңісіп кетеді. Бұдан кейін ерлі-зайыптылар Жанкелдин ауданының орталығы – Торғай селосына көшеді. Юрий мен Лидия Сметановскийлер бұл жерді де жатсынбай, тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып кетеді. Мұнда да отағасы Торғай орыс мектебінде (бүгінгі Иванов атындағы орта мектеп) өз мамандығы бойынша сабақ өткізсе, Лидия Михайловна да бұрынғы қызметін жалғастырады. Күндердің күнінде Сметановскийлер шаңырағында Виктория есімді қыз бала мен Александр деген шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп, жас отбасының қуанышын көкке көтереді… Алайда, айтып келмейтін сұм ажал әкесі Юрийді алмай қоймайды. Бұл 1984 жыл еді. Енді екі баласын ел қатарынан қалдырмау Лидия Михайловнаның мойнында еді. Өмірінде түрлі қиындықтар кездессе де, сыр бермеуге тырысатын. Сондықтан да шығар, қызы Виктория мен ұлы Александр кішкентайларынан ата-аналары секілді еңбекқор, ізденімпаз әрі табанды болып ер жетті.
Отағасы қайтыс болғаннан кейін, бұлар Торғайда көп тұрақтап қала алмады. Бұрынғы Торғай облысының орталығы – Арқалық қаласына көшіп келді. Лидия Михайловна осы қалаға іргелес жатқан Арқалық аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Осы жауапты қызметтен құрметті демалысқа шықты. Оның ұзақ жылғы сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Тиісті орындар білікті ұстаздың жұмысын жоғары бағалады. Ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болды. Сонымен қатар, тыл ардагері атанды.
Қазақтар арасында өсіп, жан дүниесі де қазақ болып кеткен Александр жастайынан погон тағынып, әскери маман болуды армандайды. Бұған, әрине, әкесі Юрийдің темірдей тәртіпті ұнататын офицер болуы өз әсерін тигізген еді. «Әке көріп, оқ жонған» ол алдымен Қарағандыдағы педагогикалық институттың әскери-спорттық факультетіне оқуға қабылданып, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Бұдан соң осы қаладағы жоғары милиция мектебінде сырттай оқып, оны да жақсы нәтижемен аяқтайды. Еліміз енді өз Тәуелсіздігін алған 1992 жылы Александр еңбек жолын Арқалық қалалық Ішкі істер бөлімінен бастайды. Алдымен жедел уәкіл, кейін аға жедел уәкіл болып қызмет етеді. Қалалық ІІБ Қылмысты іздестіру бөлімшесі бастығының орынбасары лауазымына жоғарылайды. Бұдан соң осы бөлімшенің бастығы болып тағайындалады. Өз қызметіне тиянақты әрі үлкен жауапкершілікпен қарайтын жігерлі жігіттің талпынысы басшылар тарапынан да қолдау табады. Офицер деген атақты әрқашанда жоғары ұстап, соған сай болуға ұмтылды. Ол көп ұзамай Қостанай заң институты Жедел іздестіру қызметі кафедрасында оқытушы болып он жылдан артық қызмет істейді. Кейін Әділет министрлігі ҚАЖК Қостанай Академиясының Әскери және дағдарысқа қарсы дайындық кафедрасының бастығы, Жедел іздестіру және режим қызметі кафедрасының профессоры болған ол бүгінде Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының Әскери және тактикалық арнайы даярлық кафедрасының бастығы лауазымында. Мұнда да абырой мен беделден кенде болған жоқ. Құқық қоғау органдарында атқарған көп жылғы қызметі еленіп, Ішкі істер министрлігінің «Үздік қызметі үшін» белгісі, Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін иеленген.

Ескендір Қаймақбаев. Ол кім?
Александр Юрьевич үшін кіндік қаны тамған жері – Торғай ауылының жөні қашанда бөлек. Аудан орталығындағы Иванов атындағы орыс мектебінде оқып, бітірсе де, ес білгеннен жергілікті қазақтың қарадомалақ балаларымен кәдімгідей асыр салып ойнап, ержетті. Солармен араласа жүріп, қазақтың тілін бір кісідей меңгеріп алды. Ол қазір сол Торғай өңірінде өскен Ыбырай Әмірханов, Еренбол және Талғат Алматовтар, Айбек Қапақов, Ақынбек Арыстанов сынды бала күнгі достарымен жиі-жиі бас қосып, қайта оралмас шақтарын үнемі еске алып отырады. Тай-құлындай тебісіп өскен осы достары ғой, Александр Сметановскийді еркелетіп Ескендір Қаймақбаев деп атап кеткен. Оған кейіпкеріміз шамданбайды, тек жымияды да қояды.
Бүгінде Александр жаны жайдарлы қазақтың қызы Жанна Сабитқызы екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Отбасында Әсел және Сабина атты қыздарды тәрбиелеп, мәпелеп өсіруде. ІІМ Қостанай Академиясының түлегі Әсел әкесінің жолын қуып Рудный қалалық Ішкі істер басқармасында жауапты қызмет атқарады. Ал Сәбина 9-сынып оқушысы. Жергілікті халықтың салт-дәстүрін берік ұстанатын отбасы тұңғыш қыздарын қазақтың жөн-жоралғысымен ұзатыпты. Әркез мемлекеттік тілдің жанашыры болып жүретін Александр Сметановский өңірде өткізілетін түрлі тіл сайыстарына қатысып тұрады. Бірде ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінде өткізілген мемлекеттік тілге арналған республикалық сайыста таза қазақша сөз сөйлеп, жиналған жұртты таңғалдырған болатын. Осы сайыста ол жиырмаға жуық мақал-мәтелді орыс тіліндегі аудармасымен айту, белгілі ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқу, күнделікті қызметте пайдаланатын құжаттарды орысшадан қазақшаға аудару, өз өнерін көрсету секілді сайыс тапсырмаларынан сүрінбей өтіп, өзгелерден оқ бойы озық шыққан еді. Сөйтіп, бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Павлодар қаласында өткен өзге ұлт өкілдерінің арасындағы «Қазақ тіліне жеке үлесім» атты байқауда да ерекше көзге түсіп, жүлделі 1-орынды жеңіп алған-ды. Қазақ тілін жетік меңгерген Александр болашақ офицерлерді Отанын, елін сүюге баулып, оларға мемлекеттік тілді үйретуге де өз үлесін қосып келеді. «Қазақ тілі – өте бай тіл. Тіліміз сөздік, грамматикалық құрылысы жағынан болсын дамыған, байыған, оралымды тіл. Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров секілді қазақ халқының алыптары тілді жоғары мәдениет сатысына көтеріп қана қоймай, асыл қазынадай құрметтеді, қастер тұтты. Сол себептен, бүгінгі таңда қазақ тілін ардақтап, әдет-ғұрпымызды сақтап, оның мәртебесін әлемге таныту – біздің мақсатымыз», – дейді Александр Юрьевич. Қазақ тілін кейбір қаракөздерден де артық білетін Александр Сметановский мемлекеттік тілді игерудің арқасында қазіргі деңгейге жетіп отырғанын айтады. Өмірін күрт өзгерткен жетістіктер мен абырой оған оңайлықпен келген жоқ, әрине. Ол осы жолда тынбай ізденді. «Мектеп бағдарламаларын былай қойғанда, өз бетімше жалықпай еңбектендім. Түрлі газет-журналдардың әрбір санын жібермей оқитынмын. Қазір де солай. Ондағы күрделі сөз тіркестері, теңеулер мен образды сөйлемдер жадымда жақсы сақталып қалуы үшін оңашада дауыстап оқимын, – дейді күліп. – Сонымен қатар, қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» қазақ тілінде тапжылмай оқып шықтым. Осы көркем шығармаларды талдап, ондағы әрбір сөзге ерекше ден қойдым. Соның нәтижесінде өзіме бұрын беймәлім тың сөйлемдерге қанықтым. Қазақтың шұрайлы да нәрлі көркем тілінен сусындадым. Осы шығармаларды оқу арқылы қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне терең бойладым. Ол аталған шығармаларды кез келген зерделі де зиялы жан оқып, танысып шықса, артық болмайды ғой». Павлодар қаласында өткен өзге ұлт өкілдері арасындағы аймақтық «Қазақ тіліне жеке үлесім» деп аталатын байқауға қатысып, бағын сынаған ол жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, елордамызда өткен осы байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жарыста ол сайыстың барлық талабы бойынша алдына жан салған жоқ. Ондағы өзін таныстыру, мақал-мәтелдерді білу, белгілі бір тақырып бойынша күнделікті қызметте пайдаланатын құжаттарды орысшадан қазақшаға аудару, өнер көрсету сынды шарттардың бәрінен де мүдірмей өтті. Сөйтіп, оның есімі өз саласы қызметкерлер арасында кеңінен танылды. «Мені Торғайдың қазіргі жағдайы қатты алаңдатады. Кіндік қаны тамған жерден жырақта жүрген ел азаматтарының бәрі де дәл мендей толғанады, аңсайды. Бұла көңілі ақ селеулі далаға тартады да тұрады. Кейде өзімнің тегімді жолдастарымның арасында қалжыңдап «Сметановский» емес, «Қаймақбаев» деп айтамын» дейді кейіпкеріміз.