Балуандар белдесті

Бүгін ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының спорт кешенінде «Студенттер көктемі – 2016» фестивалі аясында курсанттар мен студенттер арасында қазақ күресінен облыстық жарыс өтті.

Жарысқа 8 жоғары оқу орнының 30-ға жуық балуандары қатысып бақ сынасты. Бүгінгі жарыста белдескенде бел үзетін, күрескенде жауырнын  жер искететін, балуандар көрермендерге қызықты күрес жасады.

Күш атасын танымайтын жас балуандар өздерінің шебер әдіс айлаларымен қарсыластарын тізе бүктіріп, жарыста жеңімпаз атанды.

Жарыс жеңімпаздары төмендегідей; 60 келі салмақта 1-ші орынды арқалықтық балуан Әлішер Таев, 2-ші орынды Академияның балуаны Ұлан Қасыл, 3-ші орынды ҚМПИ-дің балуаны Наурызбек Молдрахметов еншіледі.

74 келі салмақта 1 орынды Академиялық Саят Аринов, 2-ші орынды ҚӘТУ-нің балуаны Бекзат Салауат, 3-ші орынды ҚМПИ-дің балуаны Нұрдәулет Қойшыбек місе тұтты.

74 келіден жоғары салмақта 1-ші орынды Алмас Жұмағали, 2-ші орынды арқалықтық Жандос Қабажай, 3-ші орынды Академияның балуаны Нұрәлем Арыстанов қанағат тұтты.

Қазақша күрестен жалпы команда бойынша 1-ші орынды ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының балуандары жеңіп алды. Екінші орынды Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының балуандары қанжыларына байлады. Ал үшінші орынды Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің балуандары көңілге місе тұтты.