Академиялықтар ғалымдармен жүздесіп қайтты

2016 жылғы 13-16 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы күндізгі оқыту факультетінің «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша оқитын 2 курс курсанттары Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттің 20 жылдығына арналған студенттер мен жас ғалымдардың ‹‹Ғылым және білім — 2016›› атты XI халықаралық ғылыми конференциясына қатысып қайтты.

Конференцияны университет ұжымы үлкен жауапкершілікпен және шығармашылық көзқараспен жоғары деңгейде ұйымдастырды. Университет студенттері мен оқытушылары қонақтарды құшақ жая қарсы алды.

Конференцияның бірінші күні университеттің студенттері мен жас ғалымдарының түрлі жетістіктерінің көрмесі өткізілді. Осы конференция аясында Қазақстанның Ғылым күні салтанатты түрде атап өтілді.

Пленарлық отырысқа Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі проректоры А.А. Талтенов, педагогика ғылымдардың докторы, профессор Б.Б. Сейтқазы және т.б. белгілі ғалымдар қатысты. Осыған дейін есімдерін естіп, ғылыми еңбектерімен таныс болған көптеген атақты ғалымдармен жүздесіп, олардың сөздерін тыңдау бізге қатты әсер қалдырды.

Ғылыммен айналысудың және ұстаздық міндетті атқарып болашақ мамандарды және біздің қоғамның тұлғаларын дайындаудың қаншалықты құрметті іс екенін ұғындық.

Одан кейін секциялық жұмыстар басталды. Алдымен комиссия төрағаларымен таныстық, содан кейін студенттердің 35 баяндамасы тыңдалып, талданды. Түрлі сұрақтар қойылып сәйкес жауаптар берілді. Тақырыптар өте өзекті және маңызды болды. Студенттер өздерін теориялық жағынан ғана емес, тәжірибелік жағынан да көрсете алды. Конференция барысында өздерінің баяндамаларының нәтижесіне жету үрдісінде пайда болған сұрақтарына, мәселелеріне қалай шешім тапқаны туралы бізбен бөлісті. Бізді әрі қарайда осындай конференцияға шақыруға ниетте екендіктерін білдірді. Жалпы, біз осы конференцияда үлкен тәжірибе жинақтап, үлкен әсерде болдық.

Конференция қорытындылары бойынша Академияның курсанттар тобы мен ғылыми жетекшісі қылмыстық-атқару жүйесіндегі басқару және әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасының аға оқытушысы Шолпан Көмековна СадыхановаЛ.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықовтан алғыс хатымен, ал 2 курс курсанты Мұратқали Айжан үшінші дәрежелі дипломымен марапатталды.

Конференция соңында оған катысушы студенттермен, төрағалармен өз ойларымызбен бөлісіп, алдағы уақытта да осындай үлкен конференцияға қатысуға ұсыныстар бердік.

Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына және қылмыстық-атқару жүйесіндегі басқаружәне әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасына өзіміздің алғысымызды білдіреміз.

 

 

Әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша

2 курс курсанты А. Мұратқали