Игілікті істің ерте-кеші жоқ

Ертеден «жетім көрсең жебей жүр» деп жетімін жылатпаған қазақ елінің болашақ сақшылары қызметтік борышынан тыс игілікті іске де көп көңіл бөледі. Дана халқымыз «адамның бақыты – балада» екенін сан ғасырдан аңғартып, болашақ ұрпаққа қатты көңіл бөлген. Өкінішке орай, қазіргі таңда жетімдер үйінде белі бесіктен шықпаған бейкүнә сәбилер көбеюде… «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген терең ойлы теңеуді естіп, жетім балаларға қарап еріксіз көңілге мұң ұялайды. Ер жеткізіп, ел қатарына қосатын сәбилер үйіне қамқорлық таныту мемлекеттің маңызды міндеті болып табылады. Біздің әрқайсымыз сол мемлекеттің бір бөлшегіміз. Қайсы-қайсымыз болсада қолдан келгенше көмек қолын созсақ, соғұрлым жамандық атауынан алшақ болатынымыз айдан анық. Бұл орайда, академияның игілікті істері мен қамқорлығына дәлел жетерлік.

2016 жылдың 27 ақпанында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 1-курс курсанттары «Дельфин» сәбилер үйіне өз тарапынан көмек көрсетті. Курсанттар бұл орайда өз көмектерін ерекше ықыласпен көрсетті. Дәлірек айтар болсақ, сабилер үйінің ауласын тазалап, өзге де шаруашылыққа көмек берді.

«Дельфин» сәбилер үйінің ұжымы өз тарапынан алғыстары мен ризашылықтарын білдірді. Әрбір адам баласы дүниеге жетім болу үшін келмейді. Сондықтан да қатыгездікке жол бермеген абзал! Болашақ бүгіннен басталады!

 

1 -курс ұжымы