Академия қабырғасында «Алаш рухы» атты тәрбиелік іс-шара өткізілді

5 наурыз Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың дүние есігін ашқан күні. Жарық дүниеде «Жасасын Алаш!» деп ұран салып, қара тырнағынан әл кетіп, кірпігі қамасқанша қазаққа қалтқысыз қызмет еткен аялуы тұлғаның 150 жылдығы. Әлихан Нұрмұхамедұлы көтерген идеялар өлген жоқ. Қайта Алаш рухты жастардың бойында, саналарында қайта жаңғырып жатыр. Жаңғырып, жасай бермек. Қазақтың шаңырағынан түскен күндей болған ер Әлиханды ел мәңгілікке ұмытпайды. Ұмытпайтыны — Әлиханның идеясы — Алаш идеясы.

Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік  іс-шараларға ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы да атсалысуда, соған орай күндізгі оқыту факультетінің кураторлары Б.Сұлтанов, Л.Кинжебаева, Е.Бекжанова, С.Игликова, Д.Мендибаева, Б.Алпеисов, Н.Әбдібеков, Д.Карымсакова, А.Каражан, С.Утегенова, З.Суйеубаева, Е.Пилецкая, академияның тәрбие жұмысы бөлімімен бірлесе отырып «Алаш рухы» атты тәрбиелік шара өткізді.

Аталмыш шараның мақсаты: бар ғұмырын Алаш ұрпағының тәуелсіздігіне арнаған Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қазақ еліне сіңірген еңбегін академия курсанттарына насихаттап, үлгі ету; еліміздің болашақ ұрпақтарының азаттығы үшін күрескен тарихи тұлғаның есімін ұлықтау, академия курсантарының  патриоттық сезімін ояту болып табылады. Ұйымдастырылған шараның  негізгі қонақтары Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері «Алаш рухы» атты кітап көрмесін жасақтап, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Б.Н.Нурсейтов Әлихан Бөкейханов туралы көптеген қызықты мәліметтерді дәріс ретінде паш етті.

Жалпы алғанда академия курсанттарына ХХ ғасырдың басында дүрбелеңі мол қазақ даласының сахнасында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы – қазақтың біртуар ұлы, алаштың арысы Әлихан Бөкейхановты таныстыра отырып, адамгершілік, рухани тәрбие беру. Қазақ автономиясының құрылуын насихаттап, тәуелсіздігімізді айқындау.   Ел еркіндігі мен ұлт бостандығы үшін құрбан болған ұлт зиялының артына қалдырған асыл мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасары анық. Осы орайда өткізілген шара маңыздылығымен есте қаларлықтай болды.

 

 

Күндізгі оқыту факультетінің топ кураторлары