«Жыр жүйрігі – Мұқағали Мақатаев» әдеби — сазды кеш

2016 жылдың 25 ақпанында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акті залында мемлекеттік тіл бөлімшесінің ұйымдастыруымен сонау XX ғасырдың арман – қиялы ақ қарлы Алатау жаққа шарқ ұрған асқақ мұзарт шыңдарға қарай қанаты талмастан биіктен-биікке самғаумен келген ақиық ақын М.Мақатаевқа арналған «Жыр жүйрігі- Мұқағали» атты әдеби-сазды кеші болып өтті.

Мақсаты-қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақынның өмірі, шығармашылығымен таныстыру,  ақынның поэзия құдіреті мен әндерін таныту. М.Мақатаевтың өлеңдері арқылы курсанттардың Отанға, халқына, тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, отаншылдыққа, ауызбірлікке  тәрбиелеу.

Атаулы кешке 2-3 курс курсанттары құдіретті поэзияның тас қалаушысы атанған Мұқағали Мақатаевтың халқы сүйіп оқитын өлеңдерін мәнеріне келтіріп жырлап, жиі айтылып жүрген әндерін асқақтата шырқап, Мұқағали аталарына  арналған өз өлеңдерін оқыды. Кеш қызықты да, тартымды өтті.

«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған? -деп Абай атамыз жырлағандай, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаев 45 жыл ғана қысқа ғұмыр ішінде халқына өшпес із қалдырды.

 

Мемлекеттік тіл бөлімшесі