Үлгі тұтарлық тұлға…

Елімізде өмірі мен ісі халқымыздың қазынасына айналған тұлғалар көп болмаса аз емес. Бірі таныса, екіншісі біле бермейтін атына заты сай азамат туралы сөз айтпақпын.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының І курс жеке құрамының бастығы полиция майоры Азамат Браліұлы Кусеубаев жайында  мақаламды бастағым келеді.  Өз ортасына сыйлы, қызметіне адал, еңбексүйгіш және адамгершілігі мол, болашақ жастарға үлгі тұтарлық азамат десем артық болмас…

Барлық азаматқа сай, Азамат Кусеубаев  әскери қызметін атқарып, 1996 жылы аға сержант атағын иеленіп,  академия қабырғасында  өзінің  қызметтік  жолын  бастайды.

1997 жылы заң институтына сырттай оқуға түсіп, 2003 жылы бітіреді. Одан кейін, 1996-2004 жылдар  аралығында шаруашылық бөлімінің старшинасы қызметінде сегіз жыл жұмыс істейді. 2004 жылдан бастап курс бастығының орынбасары,  кезекші бөлімінің аға инспекторы, курс бастығы лауазымдарында  қызмет атқарады.  Жиырма жылдай қызмет жолында  бірнеше түлектерге  үлгі болып, олардың білікті, кәсіби, білімді және мәдениетті маман болуына белсене ат салысып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.

Оқу ордасын бітіріп кеткен тыңдаушыларымыз Азамат Кусеубаев туралы ерекше ілтипатпен «жақсы адам» деп мақтанышпен айтатыны сөзсіз.

Азамат Кусеубаев  осы салаға алғаш қадам басқан сәттен бастап полиция полковнигі Борис  Болотский мен  полиция подполковнигі Мейрам Косановты үлгі тұтқан.  Полиция майоры Азамат Кусеубаевтың айтуынша: «Мейрам Косановтың жазуы ұқыпты,  құжаттарға аса тиянақты болатын, сондықтан да болса керек,  құжаттарды  дұрыс толтырумен іс жүргізуді осы кісіден үйренген».

Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген.

Бүгінде,  Азамат Кусеубаевтың қарамағында 247 курсант тәрбиеленуде…

Тәрбиенің негізгі мақсаты – кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті, дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.

Сондай-ақ,  «Отан – отбасынан, отбасы – ошақ қасынан басталады» дегендей,  полиция майоры Азамат Кусеубаев қамқор отағасы, Зарина және Карина есімді екі қызын мәпелеп отырған ардақты әке.  Аяулы жұбайы Жанар Кусеубаева физика-математика лицейінде  физика — математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Бос уақытында спорттың әртүрімен шұғылданады, дәлірек айтқанда,  жеңіл атлетика, теннис, шашки, шаңғы тебу, волейбол, футбол. Сонымен бірге, демалыс уақытында балық аулағанды ұнатады. Бойынан қарапайымдылық пен қамқорлық байқалатын, тәртіп пен тәрбиені үйлестірген қазақтың азаматы әрбір курсанттың жүрегінен құрметті де әрі сыйлы орынға ие болды деп нық сеніммен айта аламын.

 

Жақсы адам

Жаман адам болмайды, бәрі жақсы
Айдан анық баршаға ұнамасы.
Жақсы адам алысты жақын етер,
Ізгі істен белгілі жалықпасы.

Жақсы адам айтар сөзін саралайды,
Өзіне айтқан сөзді даралайды.
Жақсы кісі ешқашан жат болмайды,
Адалдық пен әділдікті дос санайды.

Адамның жақсылығы бет-жүзінде,
Ісі мен жұртқа айтқан әр сөзінде.
Жақсы сөз жақсартады тынысыңды,
Үлгі болып, жоғарлатар  ырысыңды.

Жақсы адам бөлінбейді «ер», «әйелге»
Бұл қасиет бәрімізге ортақ нәрсе.
Бес саусақ бірдей емесі белгілі,
Жақсылықты түсінеміз біз әртүрлі.

 

Айдана Серикбаева
І курс курсанты