Бір сәттік қуаныш…

Академияның 2 курс курсанттары 2015 жылдың 6 желтоқсанында Қостанай қаласындағы «Дельфин» балалар үйіне барды. Әдетте, мұндай кездесулерде тым әсерлеп сөйлеу, кейбір жоқ нәрселерді бар деп көрсету де кездесіп жатады. Бұл жерде біз ондайды байқамадық. Әрбір айтылған сөздің іс-жүзіндегі дәлелін балалар үйін аралап көргенде көз жеткіздік. Бізді ең алдымен осы балалар үйінің мән-жайын, бүгінгі жағдайын таныстыру үшін «Дельфин» балалар үйінің аға тәрбиешісі Асемгүл Беркінқызы Жұмабаева қарсы алды. Мұнда 3 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді.

Балалардың жағдайлары өте жақсы. Барлығы бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай 7 топқа бөлінеді екен.

Балалар үйінде әр-түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Мекеме іші кең, жарық әрі таза. Әрдайым балалардың денсаулығына, шығармашылық дамуына көп жағдайлар жасалады.

Кең әрі жарық бөлмелер, біркелкі жиналған төсек орындар, киімдерін қоятын әдемі жиһаздарды көргенде, тұрмыстық заттардың әрі ыңғайлы, сапалығына көз жеткіздік. Жатын бөлмелеріндегі тазалыққа мұқият қарайды.

Мемлекетіміз мұндағы балалардың толық-қанды өмір сүрулеріне жағдай жасалған. 2 курс курсанттары балалармен жақын танысып, оларға тәттілер апарып, көңілдерін көтеріп, балалармен әр-түрлі ойындар ойнады.

Балалар үйіндегі  әрбір жеткіншек – Отанымыздың басты құндылығы. Ертең олар да ер жетіп, еліміздің бір азаматына айналары сөзсіз. Жақсы тәрбие беріп, қолдан келген көмегімізді жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Жансая Көшербаева
2 курс курсанты