Демократияның басты белгісі — сайлау

2016 жылдың 14 наурыз күні 210 оқу тобының курсанттарына «20 наурыз күні сайлауға қатысамыз!» атты кураторлық сағат өткізілді. Осы жылдың басында Елбасы Н.Ә. Назарбаев Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Президенті біздің қоғам бүгінде түрлі сын-қатерлерге дайын екеніне назар аударды. «Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сайлауға қатысу Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының міндеті болып табылады. Сол себептен еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да таныту үшін 2016 жылдың 20 наурыз күні өтетін сайлауға біз бір отбасы секілді қатысуымыз қажет екендігі курсанттарға түсіндірілді. Дауыс беру науқаны және сайлау күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенеміз.

 

 

210 оқу тобының кураторы
полиция капитаны
Карымсакова Д.Т.