Өндірістік практиканың қорытындысы

Кәсіби даярлау факультетінің 4 курс курсанттарының өндірістік практикасы оқу-тәрбие процесінің құрамдас бөлігі және теориялық оқыту принциптерін практикалық қызметпен ұштастыру негізінде ішкі істер органдары үшін мамандарды даярлау нысаны болып табылады.
Өндірістік тәжірибе 2020 жылдың 17 ақпаны мен 24 мамыры аралығында курсанттардың теориялық білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын тереңдету және бекіту, олардың кәсіби қызметте қажетті құзыреттіліктер мен тәжірибені алу мақсатында ұйымдастырылды.
2020 жылдың 26-27 мамырында ІІО әкімшілік қызмет кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы ZOOM ақпараттық платформасы арқылы онлайн режимінде әкімшілік-құқықтық мамандану бойынша білім алып жатқан 4 курс курсанттарының тәжірибесін қорғауды ұйымдастырды.
Үш айға жуық жас мамандар ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерінде әртүрлі лауазымдарда (учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, көші-қон қызметінің, әкімшілік тәжірибе және т.б.) алған кәсіби дағдыларын шыңдады.
Қорғау барысында курсанттар жұмыстың ерекшеліктері туралы, өздерінің лауазымдық міндеттері туралы, олардың әкімшілік іс жүргізу құжаттарын құрастыру туралы, автоматтандырылған деректер базасымен танысу туралы, ел аумағында төтенше жағдай режимін енгізілуіне байланысты қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша іс-шараларға қатысу туралы айтып берді. Сонымен қатар, кафедраға кәсіби практикадан өту бойынша барлық қажетті материалдарды ұсынды (жеке жоспар, күнделік, есеп және қызметтік мінездеме).
Видеоконференция режимін пайдалану,білім алушыларға атқарылған жұмыс үшін табысты есеп беруге, оқытушылардың сұрақтарына жауап беруге және лайықты баға алуға мүмкіндік берді.
ІІО ӘҚ кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамының атынан біздің түлектер өздерін жоғары білікті мамандар ретінде танытады және оларға жүктелген міндеттерді адал орындайды деп үміттенеміз.

ІІО ӘҚ кафедрасының
аға оқытушысы,
полиция майоры
Д.Қалқаманұлы