«Өзіміздің Би-аға»

Алаш ардақтысы, қазақ қара сөзiнiң, оның iшiнде әңгiме жанрының майталман шеберi, жазушы Бейімбет Жармағамбетұлы Майлиннің туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде Бейімбет Майлинді еске алу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соның бір айғағы жазушының кіндік қаны тамған бұрынғы Таран ауданы ҚР Президентінің 2019 жылғы 24 маусымдағы № 29 Жарлығымен Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталды.
Қазақтың үш бәйтерегінің бірі атанған Бейімбет Майлиннің құрметіне ағымдағы жылдың 5 шілдесінде Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Өзіміздің Би-аға» атты жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасы өткізілді. Жыр мүшәйрасының мақсаты – қарымды қаламгеріміздің шығармашылығын көпшілікке насихаттау.
Осынау саңлақ қаламгердің шығармашылығымен сусындап өскен ақындар қостанайлық көрермендерді Би-ағаға арнап жазған жырларымен сусындатты.
Осы іс-шараға Би-ағаның ұрпақтары қонақ ретінде қатысты. Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Бейімбетке деген құрмет мұнымен тоқтамақ емес, Мүшәйра барысында туған өңірінде Бейімбет Майлинге арналған музей ашу да тілге тиек етілді.

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің инспекторы
Б.Нұрбекова