«Ұлы дала ақыны»  Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл

Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы кітапханасының оқу залында  қазақ поэзиясының дүлділі, жырау,  «ХХ ғасырдың  Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған «Ұлы дала ақыны»  атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Жамбыл шын мәнінде халық ішінен қайнап шыққан нағыз халық ақыны еді. Өзі де айтады ғой: «Жамбыл – деген жай атым, халық — менің шын атым», — деп. Жамбыл балалық шағынан бастап-ақ өлең-жырға, ән-күйге құштар боп өседі.
Көрме, ұлы ақынның 150 жылдығына орай шығарылған Жамбыл Жабаевтың «Ел қадірін, біл балам», «Я – тополь столетний» атты жинақтары мен «Ақындар аманаты» атты қазақтың ауыз әдебиеті жобасының «Жамбыл Жабаев» жинағы, «Тарихи тұлғалар», «Қазақстан» Ұлттық  энциклопедиясы, «Жамбыл мұражайы», «Жалын» журналы, сонымен бірге таяуда мерзімдік басылымдарда жарық көрген «Ұлылық сыры: Жамбыл мен Сәбит», «Қазақ пен қырғызға ортақ ақын», «Жамбыл жерінің жәдігер жауһарлары», «ХХI ғасыр Гомері» мақалаларымен безендірілді.
Көрмені тамашалаған алғашқы кәсіби даярлық тыңдаушылары  ғасыр жасаған Ұлы ақынның еліне сарқылмас қазына, асыл мұра қалдырғанына куә болды. Ж.Жабаевты жан-жақты білген, тығыз қарым-қатынаста болғандардың бірі – Сәбит Мұқанов. Оның Жамбыл шығармаларын жариялау және зерттеу ісіне үлкен үлес қосқандығы жайында тыңдаушыларға молынан мәлімет беріліп, көрменің өзге де материалдары кеңінен таныстырылды.

Кітапханашы
Р. Нұрханова