ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ ҰЛАҒАТТАП ОТЫРУ — АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫМЫЗ

Ағымдағы жылдың 18 маусымында алғашқы кәсіби даярлық курсының 2-оқу тобының тыңдаушыларымен кураторлық сағат өткізу барысында, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-ның ішкі істер министрі, ішкі қызмет генерал-лейтенанты, ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбаевтың өмір жолы туралы дәріс өткізілді.
Еліміздің екі рет Ішкі істер министрі болған, ұзақ жылдар бойы ерен еңбек еткен Шырақбек атаның өмірі мен қызметі жас ұрпақтар үшін үлгі-өнеге. Дәріс барысында тыңдаушылар назарына аты аңызға айналған тұлғаның ел алдындағы қызметі және оның ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік және кадрлық саясатын жетілдіруге қосқан үлесі туралы, сонымен қатар оның өмір жолы мен қызметі жайында фильм ұсынылды.
Тыңдаушылар аталған дәріс сабағы жалпы ой-өрістің кеңеюіне, үйлесімді дамып, қалыптасуына, патриоттық сезімнің орнығуына зор ықпалын тигізгендігі туралы өз ой-пікірлерін білдірді.
Қазақтың біртуар азаматы, мемлекеттік қайраткер Шырақбек Қабылбаев елінің бірлігі, құқық қорғау органдарының тұтастығы үшін атсалысып, түрлі қиянаттарды бастан кешірген кесек тұлғаның қайраткерлік келбетін ашып, жас офицерлерге оның кісілік парасатын, перзенттік адалдығын, ұлтжандылығын үлгі етуді мұрат тұтқан.
Біз өткенімізді саралап, келешегімізді бағамдай білетін халықтың ұрпағымыз. Сондықтан өз кезегінде халық үшін еңбегін аямай, елім деп жастық күш-жігерін жұмсаған ұлыларымызды ұлағаттап отыру азаматтық парызымыз деп білеміз.

 

Ішкі істер органдарында
әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру
кафедрасының оқытушысы
полиция майоры
2 оқу тобының кураторы
А.Ж. Садыков