Үздік аудармашы байқауы ұйымдастырылды

Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің ұйымдастыруымен 2021 жылғы 15 наурызда Академия бөліністерінің қызметкерлері арасында «Үздік аудармашы» сайысы өтті. Байқауға мемлекеттік тіл курсында оқып жатқан қызметкерлер қатысты.
Бұл сайыс мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, Академияда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте отырып, өзге ұлт өкілдері арасында оны кеңінен насихаттау және қоғамдық өмірдегі мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыру мақсатында өткізілді.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Аударма мен мемлекеттік тілде дайындалатын ісқағаздарының сапасын арттыру, күнделікті қызметте әзірленетін құжат үлгілерін сауатты жазуға төселдіру мақсатында «Терминдер әлемі» және «Баянат» кезеңдері, сондай-ақ сөйлеу мәдениетінің жоғары болуын, ұшқыр ой мен жылдам сөйлеуді ұштастыратын «Ілеспе аударма» кезеңі ұйымдастырылды. Аталған кезеңдерде әр қатысушы өзінің мемлекеттік тілді игеру деңгейін көрсетіп, білімін сынға салды.

ІСКБ