Құрметті әріптестер, магистранттар және курсанттар!

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Бұл іс-шара халықаралық деңгейде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді.
Қазіргі таңда Абайды жан-жақты танып-білу, оның бізге жеткен асыл қазынасын дәріптеп, болашақ жастардың ой-санасына сіңіру, оқып-білім алуға талпындыру біздің басты мақсатымыз.
Ұлы Абай өз шығармаларында болашақ ұрпақтың әрқашан білім алып, ғылымды игеруіне ерекше мән берген. Оған себеп,  «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңі дәлел. Абай білім мен ғылымның маңызын, мәнін бекерге сөз етпеген және білімді адам сегіз қырлы бір сырлы болу қажет деген тұжырымды ұстанған. Заман талабына сай  әрбір жас буын міндетті түрде білім алып, адами қасиеттері мол, өзі сүйіп таңдаған маман иесі болуы қажет. Өйткені тәуелсіз елімізде білімге деген көңіл бөлу мемлекет тарапынан маңызды орын алады.
Сонымен қатар білім және ғылыммен қоса, Абай дін бағытына да ерекше мән берді. Ол дін арқылы халықты қайырымдылық, әділеттілік, шындық, махаббат және тәрбие сияқты асыл қасиеттермен байланыстыра отырып, адамзат баласын бір бауырмалдыққа тартты. Өйткені Абай болашақ ұрпаққа адамгершілік жолын ұсынды. Яғни, «Адам — адамға дос» деген халықтар достығын дамытуға үн қосып, достық пен ынтымақтастық идеясын ұстанды.
Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы қай кезеңде де өзінің құндылығын жоғалтқан емес. Өз дәуірінің жоғын жоқтап, тап арасындағы талас-тартысқа төрелік айтып, қоғамның ащы шындығын жырларымен сынап отырды. Абайдың адам мен қоғам, мемлекет пен билік туралыой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Бүгінгі заман білекке емес, білімге сенетін заман.
Сондай-ақ, Абайдың шығармалары, ой-тұжырымдары  барша жұртқа рухани азық. Ол әр жастың бойындағы халқына, туған жеріне деген патриоттық сезімді арттырады.
Абай — қазақ топырағынан шыққан кемеңгер. Абайдың мұрасы егеменді еліміздің өркендеуі мен гүлденуіне, бір халық, бір ел, бір тағдыр болып дамуына бағыт-бағдар береді.
Қазіргі таңда ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы Ұлы Абайдың шығармалары арқылы болашақ мамандарды, яғни тәртіп сақшыларын жағымсыз әдеттерге,  білімсіздікке бой алдырмай, керісінше кәсіби білімін тереңінен игеріп, моральдық-психологиялық жағынан табанды, төзімді және берген Антына адал болуға тәрбиелеп келеді.
Абай өз заманында жастардан осыны талап етсе, бүгінгі заман да жастардан бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн қажет етеді.
Яғни, Абай атамыздың шығармашылығы болашақ ұрпаққа айнымас  өсиет-үлгі және рухани азық.
Абай күні құтты болсын!

Құрметпен,
Н.Биекенов