Құрметті академияның ардагерлері мен достары! Құрметті әріптестер!

Тұңғыш Президент күні қарсаңында біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дәріс залын салтанатты түрде аштық. Жаңа аудиторияның лентасын Қазақстанның мемлекет қайраткері, еңбек сіңірген ардагер Тоқтарбай Қадамбайұлы Кадамбаев қиды. Қостанай облысын басқарған кезінде Тоқтарбай Аға біздің ЖОО-ның қазіргі корпустарға ауысуына, Академияның материалдық-техникалық базасының нығаюына зор үлес қосты.
Ашылу салтанатына ІІМ Қостанай Жоғары мектебінің бірінші бастығы және Мемлекет басшысын қабылдаған ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденұлы Қабденов онлайн режимде қатысты. Өз сөзінде Талап Аға бұл аудиторияны ашу біз үшін үлкен мәртебе, біздің жоғары оқу орнымыздың құрылуы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Тәуелсіздік алған жылдары Ішкі істер органдарындағы кадр тапшылығының салдарынан мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1993 жылы құрылған ІІМ арнаулы орта мектебі екі жылдан кейін колледжге, ал 1996 жылы ІІМ жоғары мектебіне айналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылғы 1 наурызда академияға оқу орнының Туы табыс етілді.
Біз ЖОО тарихындағы 1997 жылдың 16 шілдесін ерекше құрмет тұтамыз, сол күні Елбасы ІІМ Қостанай жоғары мектебіне келіп, еліміздің ішкі істер органдары үшін жоғары білікті мамандарды сапалы даярлауға бағытталған педагогикалық ұжымның жұмысына жоғары баға берген болатын. Құрметті қонақтар кітабына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қостанайдағы тұңғыш Жоғары милиция мектебіне, оның шәкірттеріне Отанына адал қызмет етуін тілеймін» – деген естелік тарихи жазба қалдырды.
Бұл өз кезегінде қойылған міндеттерді шешуге жаңа серпін берді. Дәл осы себептен дәріс залының ашылуы біз үшін аса маңызды. Аудиторияда Тұңғыш Президенттің әр жылдары шыққан еңбектері қойылған. Оның ішінде  Мемлекет басшысының Тарихи естеліктері мен өмір жолы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры ұсынған Ұлы дала тарихының бірнеше мыңжылдықтары жайында баяндайтын құнды кітаптар бар.
Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл залда алдағы уақытта Академия курсанттары мен тыңдаушылары білім алып, ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған шараларды әзірлеу бойынша ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар, сарапшылар қауымдастығы мен ғалымдардың кездесулері өтеді.

Құрметпен,
Н. Биекенов