Қырағы — жас курсант

ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының кәсіби даярлық факультетінің 4-курс курсанты полиция кіші сержанты Данияр Ерғалиұлы Дуамбеков Рудный қаласында учаскелік полиция инспекторы лауазымында кәсіби оқу тәжірибесінен өту кезінде қылмыстың бір түрі — ұрлықты ашты. Осы оқиғаға толығырақ тоқталсақ, полиция кіші сержанты Данияр Дуамбеков ағымдағы жылдың 13 сәуірі күні тәуліктік қызмет атқаруға түседі. Қызмет атқару барысында жедел басқару орталығына ұрлықтың жасалғандығы туралы хабарлама түседі. Хабарлама түсісімен жас тәртіп сақшысы қылмыстың ізін суытпай, қылмысты ашуға кіріседі. Бүгінгі таңда қылмыстың бір түрі — «Ұрлықты» ашу бағытында бірқатар іс-шаралар жасалып жатқандығы баршаға мәлім. Бірер уақыттан кейін, Данияр бала арбасын ұрлаған 34 жастағы ұрлықшыны анықтайды. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Өзінің қырағылығының, кәсіби білімінің арқасында, сондай-ақ Даниярдың өмірінде бұл іс алғашқы ашқан ісі болып табылады.
Даниярдың өзіне келсек, ол бала кезінен бастап, құқық қорғау органында қызмет атқарып, азаматтарға әрдайым көмек көрсету басты мақсаты еді. Осы жерде айта кетсек, отбасында Даниярдан басқа ешкім ішкі істер органында қызмет атқармаған, тек ол ғана бірінші болып бел байлаған. Ол — өте қарапайым, сабырлы, ақылды, талапты жігіт. Академияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастар бастамасының» белсенді мүшесі болып табылады. Үнемі оқу ордамыздың шығармашылық, ғылыми және спорттық іс-шараларына белсене қатысады. Дебат, КВН, волейбол, баскетбол, студенттер арасындағы ғылыми конференцияларға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық, облыстық және қалалық іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие.  Академияның жас курсанты Данияр Дуамбековтің осындай жас та болса, қылмысты ашқандығы, оқу ордамыз үшін қуаныш және мақтаныш.
ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бүгінгі курсанттары — ертеңгі болашақ тәртіп сақшылары әрқашанда өздерінің жүректілігімен, тәртіптілігімен, білімділігімен, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып, қайсарлықтарымен танылып жүр. Осы мақаланы ұлтымыздың мақтанышы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының: «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы» деген қанатты сөзімен аяқтағым келеді.

Баспасөз қызметі