Қызметімнің жемісі

Биыл еліміздің астықты аймағы саналатын Тобыл өңірінде жарты ғасырлық мерейтойын атап өтетін ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында 2014-2019 жылдары академия бастығы лауазымында қызмет атқардым. Ол менің өмірімнің ерекше тарихи беттері, санамда мәңгі сақталатын жайт. Ондағы бірге қызмет атқарған ұжымыммен шын мәнінде мақтанамын.
…Әлі есімде, 2014 жылдың 25 мамырында ҚР Ішкі істер министрінің қабылдауында болып, Қостанай академиясына басшы қызметіне баратыным туралы тапсырма алдым. Қостанайға келдім, «он адам жүрген жерде – із қалады, жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде – жол қалады» деген халқымыздың даналық ұстанымын басшылыққа алдым. Қызметке кіріскен бойда ұжымды бірлесе жұмыс атқарып, оқу орнының абыройы мен мәртебесін көтеруге бір кісідей атсалысуға шақырдым.
Академия ғимаратының кіреберісі, яғни, өткізу-бақылау пунктінен бастап барлық нысандардың, аумақтың тыныс-тіршілігімен жіті танысып, фотосуретке түсіріп, зердемнен өткіздім. Алғашқыда бұл әрекетімді қызметтестер мен жұмыскерлер жақтай қоймады. «Не істейді, қандай шешім қабылдайды, кімдерге қысым жасайды?» деген сыңайдағы әңгімелер ести бастадым. Кемшіліктер мен олқылықтарды тізбектеп, академия ұжымымен ашық жиналыс өткіздім. Бастапқыда 24 сағат жұмыс істеуге тура келді. Барлық құжаттармен таныстым. Қорытындылар жасадым. Басым бағыттарды айқындап, академияның барлық салаларына қатысты құқықтық актілерді талдадым. Өкілеттейтін, міндеттейтін, талап етілетін тұстарын анықтап, жоспар құрдым. Ол біртіндеп нәтиже бере бастады.
Отбасыма академияның курсанттарға арналған жатақхананың бір бұрышынан қоныс тиді. Тоғыз ай көлемінде академия аумағында тұрып, тіршілігімізді бастан кештік. Бекітілген жұмыс уақытынан да тыс кешкілік және түнгілік бақылау, академияны аралау, кезекшіліктегі қызметкерлермен бірігіп тексеріс жүргізіп, қаншама ұйқысыз түндерді де бастан кештім. Осы орайда отбасым маған зор қолдау жасады. Тұрмыстық қолайсыздыққа қарамай, курсанттардың аяқ дабырынан ерте оянып, қиыншылықтарды бірге көрді. Сонда да ләм-мим деп қыңқ етпеген жарым Гүлмира Амангелдіқызы мен ұлым Абылайға ризамын.
Алғашқы күннен өзімнің қалыптасқан үрдісім бойынша академияның оқу, тәрбие, ғылым, қаржы-шаруашылық және т.б. қызмет бағыттарымен жіті танысуға ұмтылдым. Оқу орны ғимараты 1960 жылдары салынған екен. Ал материалдық-техникалық базаның күрделі жөндеу мен қаражатты талап етуі ұзақ уақыт шешімін таппайтын мәселе ретінде қала берді. Жоғары оқу орнында қазіргі заман талабына сай сапалы дәрістер өткізу үшін алдымен, оқудың барлық нысандары бойынша санитарлық және өзге нормаларға сәйкес келетін аудиторлық қордың негізгі көлемі және қажетті қосалқы үй-жайлары болуы тиіс. Әйтсе де, бірнеше рет ІІМ басшылығына хат жолданды. Сөйтіп, ең маңызды деген мәселелер бірінен соң бірі шешімін таба бастады.
Мен үшін ең бастысы – қызметтік және азаматтық борышымды сезіну ғана емес, адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің алдындағы жауапкершілік. Адамгершілік қағидаттарын басшылыққа алдым.
2014 жылдың маусым айында ІІМ ардагерлер кеңесінен академияға генерал-лейтенат Шырақбек Қабылбаевтың есімін беру туралы ұсыныс түсті. Оны жеке құрамның талқысына салу үшін, көптеген қорларды ақтарып, еңбек жолы мен ІІМ дамуына қосқан үлесін дәлелдейтін материалдар дайындауды қолға алдым. Ұжым бір ауыздан қолдады.
ҚР ІІМ Қостанай академиясының 50 жылдық тарихы – тұтас бір дәуір. Түп бастауы 1971 жылдың 1 қарашасындағы «Қостанай облысаралық кіші және орта басшы құрамын даярлау мектебін құру туралы» бұйрықта. Бұл сирек кездесетін ақыл иесі және асқан ұйымдастырушылық қабілетке ие Қазақ КСР ІІМ министрі Шырақбек Қабылбаевтың ішкі істер жүйесінде түбегейлі өзгеріс енгізген уақыты еді. Ш.Қабылбаев шоқтығының биіктігі мынада. Ол мемлекеттік қажеттіліктің дәрежесін және ІІМ жүйесінде білім беру деңгейін арттыру туралы мәселелерді көтерді. Республикада ведомстволық оқу орындарының жалпы жүйесін құру пешенесіне бұйырды.
2014 жылдың 9 желтоқсанында Үкімет қаулысына сәйкес, ҚР ІІМ Қостанай академиясына Шырақбек Қабылбаевтың құрметті есімі берілді. Енді ұжым алдында осы қоғам қайреткеріне деген сый-сияпатымыз – оған тұғырлы ескерткіш қою міндеті тұрды. Генерал Қабылбаевтың туған-туыстарын іздеп, жақсы хабармен бөлістік, қуанышымызда шек болмады.
2015 жылдың 6 маусымында ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында қос бірдей салтанатты шара өтті. Дәл осы күні оқу ғимараты алдында Алаштың аяулы азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант, ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбаевтың ескерткіші ашылды. Мүсіндік композиция жобасының авторлары – Қазақстанның құрметті архитекторлары Ғ.Исабаев (генералдың немере жиені) және Э.Байтенов.
Сондай-ақ, айтулы шара шеңберінде асыл азаматтың есімі жазылған мемориалдық тақта мен мұражайы ашылып, оқу ордасының Туы табыс етілді. Академия кітапханасына Шырақбек Қабылбаевтың қазақ және шетел классик жазушылары еңбектерінен тұратын бай 350-ден астам жеке кітапханасын келіні Раушан Қалиқызы аманат ретінде тапсырды. Музейге көзі тірісінде тұтынған басқа да жеке заттары қойылды. Академиямыздың қоныстаған аумағына байланысты мынадай бір қағидатты ойымда қалыптастырып, курсанттардың құлағына үнемі сіңіріп келдім: «Біздің академия қай жерде тұр?». Оң жағымызда ҰҚК қазақтан шыққан тұңғыш генералы Әубәкір Арыстанбековтің көшесі, ортада қазақтан шыққан тұңғыш ІІМ генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың құрметті есімімен аталатын Қостанай академиясы, ал түйістіруші – алдымыздағы Ұлы Абай даңғылы. Халқымызға еңбегі сіңген «АЛТЫН ҚОРДАҒЫ АДАМДАР» тоғысқан үшбұрыштамыз!
Ендігі міндет – академиямыздың әнұранын шығару. Ақын, публицист, журналист, ғалым әрі аудармашы, Қостанай қаласының құрметті азаматы Серікбай Оспанов және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қостанай қаласы және Аманкелді ауданының құрметті азаматы, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің «Академия ұраны – Шырақбек аға» туындысы жарыққа шықты һәм академия маршы ретінде бекітілді.
Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің Шырақбек Қабылбаевтың қамқорлығы арқасында бүгінге жеткен домбырасы да қазір академия төрінде. Ол туралы республикалық «Егемен Қазақстан» және облыстық «Қостанай таңы» газетінде көлемді мақалалар жарияланды. Осы қасиетті жәдігердің құрметіне «Қостанай таңы» газетінің төл туындысы «Домбыра-думанның» құрметіне республикалық домбырашылар фестивалі өткен еді.
Ең арғысын айтқанда, академияны басқаруға келген жылдарымда мұнда курсанттар жатақханасы, дәретханасы, аула тазалығы және т.б. сын көтермейтін жағдайда болатын. Барлығы да жөнге келді, тазалық орнады. Жұмыс барысында АҚШ, Түркия, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Малайзия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің полиция академияларына іс-сапарға бардым. Сонда олардың кәсіби полицейлік білім беру жүйесі кез келген дәрежедегі полиция маманын даярлап шығаруды мақсат тұтатындығын байқадым. Сонымен қатар, республиканың, жақын және алыс шетелдердегі ұқсас жоғары оқу орындарымен араласу, шығармашылық ынтымақтастық саясатын дамытып, бірлескен ғылыми зерттеулерді, тәрбиелік іс-шараларды өткізу, оқу және ғылыми әдебиеттермен алмасу барысында қол жеткізген қызықтыратын кәсіби бедел арқылы 2015 жылы Бахрейн мемлекетінде Қостанай академиясын INTERPA Полиция академияларының халықаралық ассоциациясының толық құқықты мүшелікке өткізгендігімді тебірене еске аламын.
ҚР ІІМ КЖД оқу орындары арасындағы рейтингте 2016-2017 ж ж. 1 орын иеленіп, ауыспалы «Үздік жоғары оқу орны» кубогіне Қостанай академиясының ұжымы ие болды. Бұл ұжымның, ПОҚ, курсанттар, қаржы-шаруашылық саласы және т.б. қызметкерлердің бірлескен жұмыстарының жемісі. Мен арманымның арқасында тәртіп сақшысы болдым. Ғылыммен айналысып, тәуелсіз елімізде ішкі істер саласының ведомстволық білім беру жүйесін тәрбие, оқу, ғылыми әдістемелік жағынан байытуға барынша үлесімді қостым. Ал генерал болу – өте қиын да күрделі жол. Күзетші, милиционер, жедел уәкіл, ғылыми қызметкер, оқытушы, аға оқытушы, кафедра доценті, кафедра бастығының орынбасары, Қарағанды академиясы бастығының орынбасары, одан кейін Қостанай академиясының бастығы болған менің арманым орындалды. 2017 жылы Тәуелсіз Қазақстанның «полиция генералы» деген атаққа астықты өлке Қостанайда қол жеткіздім. Осы атаққа жету жолында қызметтестік жасаған облыс, қала тұрғандарына және басшыларына, ЖОО ректорларына, құқық қорғау органдары басшыларына алғысым шексіз.
Мерейтой қарсаңында профессор-оқытушылар құрамын, қызметкерлерді, курсанттар, тыңдаушылар мен бұрынғы түлектерін шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет пен қоғам сіздерден біздің ұлы Отанымыздың ұлттық мүдделеріне, адам мен азаматтың құқықтарын қорғайтын нағыз перзенттік адалдықты күтуге құқылы. Бұл зор үмітті ақтаңыздар!

Мирлан Қызылов,
ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы
Қостанай академиясының
2014-2019 жылдардағы бастығы
полиция генерал-майоры