Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қарттықты құрметтеу және үлгі тұту, қарт адамдардың сіңірген еңбектерін, мемлекеттің дамуына қосқан көптеген үлестерін мойындау, олардың біздің қазынамыз екенін естеріне салу белгісі ретінде ІІМ Шырақбек Қабылбаев атынағы Қостанай академиясының 4-курс курсанттары 404-топпен жыл сайынғы 1 қазан күні Халықаралық қарттар күніне орай Рудный қаласындағы «№2  Қарттар мен мүгедектерге арналған Рудный интернат үйіне» барып қайттық.
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген барша қарттардың орны ерекше. Әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасқан өзгелерден даралап тұратын тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келеді. Ата-әжелерімізбен қызу әңгіме жүргіздік, өнегелі әңгімелерінің бірінде;

Дүние-ай,
Қиын екен қартайғасын,
Қуаныш, қызықтарың ортайғасын.
Бауыр ет балаң-дағы безіп кетер,
Қуарып қу ағаштай қалқайғасын.
Өмір-ай,
Қалтылдаған қайығы бар,
Қарттардың қандай ғана айыбы бар?!
Бақтырған мұңлықтарды үкіметке,
Көбінің үйде бала, зайыбы бар.
Жаратқан жан емес ем тілге ұста,
Батпай-ақ қойды-ау мынау күн де қысқа.
Кімге де ата-анасын бағу – парыз,
Бұл сөзім болғай ұрпақ, елге нұсқа… — деп қамығады.

Курсанттар дайындаған шағын концертімізді көрсеттік, хормен ән шырқадық, шағын тәтті дастарқан дайындап, кеш соңында атамыздың қолынан бата алдық.
Халқымыздың тәлім – тәрбиесінде ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен берілетін, өзіндік қасиетімізді қалыптастыру көзделген. Ендеше Асыл қазыналарымызды ешқашан жалғыз тастамайық!

ӘҚ және ӘҚ кафедрасының оқытушысы
полиция капитаны
А. Әбдәлі