Қазақ тілінің білгірлері сайысында топ жарды

Ағымдағы жылдың 14 ақпанында «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік тыңдаушы» байқауына қатысқан Академиямыздың арнайы тактикалық даярлық кафедрасының оқытушысы Сәрсенов Ұланбек Өзбекұлы жүлделі 3-орынды иеленді, сонымен қатар жедел іздестіру қызметі кафедрасының қызметкері Ержанова Салтанат Халаутдиновна алғыс хатпен маратталған болатын.

Қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің арасында ұйымдастырылған аталмыш байқау қатысушылардың қазақ тілінен сауаттылығын тексеріп қана қоймай, тілді қаншалықты терең меңгергендігін аңғартатын қиын да күрделі төрт кезеңнен тұрды. Байқаудың «Мен өз елімнің патриотымын» деп аталатын бірінші кезеңінде қатысушылар өзін-өзі таныстырса, екінші кезеңде ресми ісқағаздардың түрлеріне қатысты тапсырмаларды орындады. Үшінші кезең тыңдалым, оқылым және лексико-грамматикалық тапсырмалардан тұрды. «Дарындылар додасы» деп аталатын ақтық кезеңде қатысушылардың қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындары және Қостанай қаласының көрнекті орындары туралы танымдық білімдері ортаға салынып бағаланды.
Академия намысын қорғаған қызметкерлерімізге алғысымызды білдіріп, жеңістерімен құттықтаймыз.

Ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімшесінің инспекторы
Ерболат Ақмарал