Қазақстан — Ресей жастарының ынтымақтастық форумы

Жастар жылының шеңберінде өткізіліп жатқан және жоспарланған іс-шараларға сәйкес 2019 жылдың 19-21 мамыр күндері аралығында Қостанай қаласында Жастар сарайының салтанатты ашылуында Қазақстан-Ресей жастарының ынтымақтастық форумы ұйымдастырылып, өткізілді. Оған екі елден барлығы 500-ден астам делегат шақырылған болатын. Бұл іс-шараның басты мақсаты – шекаралас мемлекеттер арасындағы ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту, әріптестік қатынастарды одан әрі жетілдіру, жастарға өздерінің идеяларымен, сонымен қатар ойларымен бөлісуге мүмкіндік беру.
«Ұлтаралық татулық – береке бастауы!» демекші аталмыш форумда көптеген ұлт өкілдері бас қосты. «Волонтерлар», белсенді жастардың қатысуымен өткізілген «Қазақстан –Ресей: Жастар форумы» Қостанай қаласы үшін өте ауқымды іс-шаралардың бірі болды десек те артық емес. Бұл форумға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысты. Аталмыш форум 3 күн бойы жалғасты. Форум барысында қатысушы жастардың күндері көңілді өтті. Себебі алғашқы күннен-ақ іс-шара ұйымдастырушылары көрші мемлекеттен келген қонақтарымызды халқымызға тән, асыл қасиеттеріміздің бірі – қонақжайлылықпен құшақ жая қарсы алды. Сондай-ақ форум қонақтарына шара барысында мәдени-танымдық бағдарлама таныстырылды. Осындай мағынасы зор, кең көлемде өткізіліп жатқан іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Күндізгі оқыту факультетінің 2, 3-курс курсанттарының қатарынан 15 курсантқа қатысуға мүмкіндік берілді. Жоғары деңгейде өткен осы форумға қатысу, өз көзімізбен көру, ол әрине, біз үшін – үлкен мәртебе.
Форум аясында көптеген өзекті тақырыптарды талқылаумен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жалынды жастарға өздерінің тың идеяларымен бөлісуге, тіпті оларды қолданысқа енгізуге жақсы мүмкіндік туды. Яғни, оларға арнайы инновациялық жобалар байқауы ұйымдастырылды. Бұл жобалар қазақстандық белсенді жастар арасында тәжірибе, технологиялар алмасуда маңызды рөл атқарады. Осы ағымдағы жыл «Жастар жылы» деп жарияланғандықтан әлі де көптеген ауқымды іс-шаралар, қоғамдық жобалар жоспарлануда. Биылғы «Жастар жылының» жалғасы ретінде форумға қатысушы волонтерлар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алдағы жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялауды ұсынды.
Қорытындылай келе, жастардың бір-бірімен араласуы, идеяларымен бөлісуі екі елді одан әрі жақындата түсіп қана қоймай, еліміздің дамуына, жұмыс сапасының артуына септігін тигізетіні рас. Осындай үлкен іс-шараға қатысып келгеніміз үшін өте қуаныштымыз.

3 — курс курсанты
полиция кіші сержанты
Э. Канатчина