«ҚАБЫЛБАЕВ ҰРПАҚТАРЫ» ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Үстіміздегі жылдың 24-25 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің базасында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында дәстүрлі «Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті. Қазақстан полициясының 25 жылдығы аясында өткен осы байқауға республикалық маңызға ие қалалардың, облыстардың ішкі істер департаменттерінен, ведомстволық жоғары оқу орындарынан 19 команда қатысты.
Байқаудың мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау және мәртебесін арттыру, тәртіп сақшыларының бойында Отанға деген сүйіспеншілікті дамыту, полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген құрметін және құқықтық мәдениетін, ізгілік пен парасаттылық рухын арттыру болып табылды.
«25 жыл Отан қорғау жолында» деп аталатын 1-турда командалар Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының 25 жыл ішіндегі жетістіктерін, оң имиджін, ішкі істер органдарында қызмет етудің мәртебесі мен жұмыстың ерекшеліктерін және қызметте қазақ тілін қолданудағы игі бастамаларын сахналық көрініс арқылы сомдаса; «Авторлық ән сайысы» атты 2-турда Отанға, полиция қызметіне, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін патриоттық сезімде шығарылған ән орындалды. Ал 3-турда алға суырылып шыққан 12 топтың капитандары өзара сайысқа түсті. Оларға «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан, жер-су атауларынан, сөз зергерлерінің тіл туралы нақыл сөздерінен сұрақтар қойылды.
Әділ қазылар алқасының шешімімен:
1-орынға Ақтөбе облысы ІІД-нің «Серт береміз» командасы лайықты деп танылды.
2-орынды Ақмола облысы ІІД-нің «Көкше сақшылары» мен Жамбыл облысы ІІД-нің «Тараз қырандары» командалары өзара бөлісті.
3-орынды ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Қабылбаев ұрпақтары» командасы мен Маңғыстау облысы ІІД-нің «Каспий» командасы жеңіп алды.
Екі күнге созылған байқаудың жабылу салтанатында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Ғанұлы Демеуов барша жеңімпаздарды құттықтап, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Осылайша, құрамына: Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, полиция капитаны Альпеисов Б.Б., Оқу-саптық бөлімше курс бастығының орынбасары, полиция майоры Баймаганов Т.Г., Қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушысы, полиция майоры, Нұрмағанбетова Ж.К., Оқу-саптық бөлімше курс бастығының орынбасары, полиция капитаны Жандауов Б.Е., Тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы әрі клуб бастығы, полиция капитаны Т.С. Тулубаев кіретін «Қабылбаев ұрпақтары» командасы жеңіс тұғырынан көрініп, Академияның мерейін асқақтатты. Осы жерде, команданы жарысқа дайындау барысын өз бақылауында ұстаған академия бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ербол Төлегенұлы Каппасовтың, Авторлық ән сайысына арнайы ән жазған музыкалық жетекшіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалибек Дерипсалдиннің, әннің сөзін жазған талантты ақын Нұрғанат Құлабаев пен команданың фотосуреттерін әзірлеген Сейтқали Камаловтың еңбектерін ерекше атап өткіміз келеді. Себебі осы және басқа да аталған іс-шараның төңірегінде жүрген әріптестеріміздің қолдау көрсетіп, іске жұмыла кірісуінің арқасында бүгінгі жеңіске жетіп отырмыз.
Жеңістеріңіз құтты болсын!

Құрбанәлі Елмұратов,
Мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы