Шырақбек Қабылбайұлына 112 жыл

 Бақытымыз атса ағарып, таң күліп,
Айтады оны, халық сүйіп ән қылып.
Еліміздің тыныштығын қорғаған,

Ерлігіңді ұмытпайды мәңгілік – демекші, 9 наурыз ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы  Қостанай академиясы үшін тарихи күн. Жыл сайын 9 наурызда Академия басшылығы және жеке құрамы Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевты еске алып, атамыздың мүсінінің алдына гүл шоқтарын қояды. Бүгінгі таңда, Шырақбек атамыздың дүние есігін ашқанына 112 жыл болды.
Шырақбек Қабылбайұлының қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек, Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаев (1908-1976жж.) – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант  (ІІ рангілі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері. Ел алдындағы Ш.Қабылбаевтың қызметі және оның ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік және кадрлық саясатын жетілдіруге қосқан үлесі зор. Осыған байланысты 2014 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1287 Қаулысымен Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясына Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың құрметті есімі берілді. Шырақбек Қабылбаетың тұлғасы, оның атқарған қызметі, Отан алдындағы еңбегі халық тарихының ажырамас және үйлесімді бөлігі болып табылады. Біз осыны есте сақтап, біліп және құрметтеуіміз керек, сонымен қатар  келешек ұрпақтарға жеткізу біздің парызымыз. Аты аңызға айналған министр Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың жарқын бейнесі әрқашан біздің жадымызда сақталып, жаңа жетістіктерге, жаңа жеңістерге жігерлендіреді, ынталандырады. Жалпы Шырақбек атамыздың шырағы осы Академияға есімі берілген күннен бастап қайта жанды десек артық айтқанымыз болмас. Өйткені Шырақбектің есімі аталса,  Академияның есімі аталса Шырақбек Қабылбайұлының абыройы арта түсетіні бәрімізге аян. «Ер есімі, ел есінде» деген осы. Алаш ұрпақтары қазақтың тұңғыш генералының халыққа сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды.  Салтанатты мерейтой соңында Академия курсанттары мен тыңдаушылары  Академия әнұранына айналған «Шырақбек ата»  әнін хормен орындады.

Төбемізде тұрса жанып алтын күн,
Болашағы жарқын дана халқымның.
Барлық ұлттың бақыты үшін күрескен,
Өнегесі, өшпейді ізі батырдың.

3-курс бастығының орынбасары
полиция майоры
А. Альназаров