Шырақбек Қабылбаев өміріндегі әдебиет пен өнер

Биыл көрнекті мемлекет қайраткері ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың туғанына 113 жыл, сондай-ақ киелі оқу ордасына  50 жыл толғалы отыр. Осыған орай жалпы кітапхана мен ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Шырақбек Қабылбаевтың өміріндегі әдебиет пен өнер» атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шарада Шырақбек Қабылбаевтың жеке кітапханасынан академияға сыйға тартылған құнды кітап көрмесі ұйымдастырылды.
— Шырақбек Қабылбаев жоғары интеллектуалды тұлға. Оның музыка мен әлемдік әдебиет туралы білімі көптеген адамдарды таңқалдыратын. Қазақ поэзиясы мен прозасына үлкен үлес қосқан ақын-жазушылардың атамызға арнайы сыйға берген кітаптар легі академия кітапханасында сақтаулы тұр. Бұл естеліктер Шырақбек Қабылбаевтың өмірінен сыр шертеді. Генерал Шырақбек Қабылбаевтың есімі бүкіл Кеңес Одағының, Тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі істер органдарының қалыптасу тарихына алтын әріптермен жазылған. Оның өмірі мен қызмет жолының тарихы келер ұрпақ үшін үлгі-өнеге болмақ,- деп кітапхана меңгерушісі Сания Жиентаева өз ойын ортаға салды.
Шырақбек аталарына арнап алғашқы кәсіптік даярлық тыңдаушылары ән мен күйден шашу шашып, өз өнерлерін көрсетті. Генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың еңбек жолындағы жетістіктері бейнеролик арқылы көрермендерге ұсынылды.
Мерекелік кештің соңында Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің бастығы Құрбанәлі Елмұратов қонақтарға Шырақбек Қабылбаевтың ерен еңбегін үлгі етіп, кеңінен әңгімеледі. Тыңдаушылардың болашақта ата жолын қуып, еліміздің нағыз ұлтжанды азаматтары болып қалыптасуларына тілек білдірді.