Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бас иген құл болмайды

Бұл қанатты сөздің барлық қазаққа үлгі екендігі баршамызға белгілі. 24 желтоқсанда осы бір сөздің авторы, қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына биыл 109 жыл болды. Соған орай күні кеше 2-курс курсанттары Академиямыздың акт залында Ақан Сатаевтың «Бауыржан Момышұлы» тарихи деректі фильмін тамашалады. Кеңес Одағының Батыры, патриоттық сезімнің иесі, ержүректілігімен ел есінде мәңгі сақталатын Бауыржан Момышұлы туралы бұл тарихи фильмді курсанттарыма тамашалату нағыз қазақ халқының бірден-бір батыры саналатын тұлғаны осы бір жас ұрпақтың жадында мәңгі өшпейтіндей етіп сақтаудың бір жолы деп білемін. Осы туындының бірінші бөлімінде 1941 жылдың қазан айы бейнеленген. Танкі, мотоцикл, жүк көліктеріне мінген немістер баса көктеп Мәскеуге қарай келеді. Оларға тосқауыл болған – 316-атқыштар дивизиясы. Онда аға лейтенант Бауыржан Момышұлы қызмет етеді… Қанды соғыс кезіндегі адамдардың көңіл-күйі, жағдайы мүмкіндігінше шынайы жеткізілген. Батырдың генерал Панфиловпен таныстығы тамаша суреттелген. Б. Момышұлы соғыста жүріп өз батальонымен 27 рет шабуылға шығып, 5 рет жау қоршауын бұзады. 1941 жылы 16-18 қараша күндері Мәскеуге екінші рет шабуыл жасалғанда қазақтың батыр ұлы Волоколам тасжолында асқан ерлікпен соғысады да, неміс әскерлері 3 күнге іркіліп қалады.

1941 жылы 26-30 қараша күндері Бауыржан 19-гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде Соколово ауылының маңында немістермен 4 тәулік бойы арпалысып, ұрысты сәтті аяқтайды. Жаза берсең, жасаған ерліктеріне бірнеше томдарды арнауға болады. Оның: «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайтпас қайсарлықтан шығады», – деген осы бір сөзі – өзінің ерлік ісіне дәлел. Бауыржан Момышұлы – қазақтың басына қонған бағы. Нағыз жастарға үлгі боларлық биік, аңыз тұлға. Фильм арқылы курсанттарым батыр атамыздың ерлігін өз көздерімен көре алды. Бұдан нағыз батырлықты, қазақ жігіттерінің қандай болу керек екендігін, қайтпас қайсарлықты, жау алдында тайсалмас табандылықты, Отанға деген патриоттық сезімнің қандай болу керек екендігін үйренгендігіне сенімдімін. Бауыржан Момышұлы – аты аңызға айналған адам.

“Қарабет болып қашқанша –қайрат көрсетіп, өлген артық”

Бауыржан Момышұлы

2-курс бастығының орынбасары

полиция капитаны

Н.Бақытқалиұлы.