Теория мен тәжірибе ұштасқан сабақ

Академияның кәсіби даярлық факультетінің 3-курсы, 302-оқу тобының курсанттарымен ағымдағы жылдың 7 сәуірінде «Жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру» пәні бойынша өткен сабаққа Алматы облысы, Қаратал АПБ ЖПҚ УПИ полиция аға лейтенанты Ошақбай Айбар Ерланұлы жұмылдырылды. Тәжірибелі қызметкерді практикалық сабаққа қатыстырудағы негізгі мақсат – курсанттарды теорияда алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдана білуге үйрету. Полиция аға лейтенанты Айбар Ерланұлы білім алушылармен өз тәжірибесімен, қызмет барысындағы қызықты да жауапты жайттармен бөлісті. Сабақ барысында қызметкер  жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру бойынша кездесетін қиындықтар, жұмыстың қыр-сыры, әлі де болса ашылмай келе жатқан қылмыстар туралы айтты. Құқық бұзушылықтың алдын алу, оған қарсы күрес бойынша мысалдар келтіріп, түсінікті тілде жеткізді. Курсанттар мен тәжірибелі қызметкер арасында жақсы байланыс орнап, бірнеше сұрақтар қарастырылып, өзекті мәселелер талқыланды. Курсанттар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, көптеген пайдалы ақпарат алды.
Сабақ соңында тәжірибелі қызметкер курсанттарға қызмет барысында туындайтын қиындықтарға мойымай жұмыс істеу қажеттілігін айтып, сәттілік тіледі.

ІІОӘҚ кафедрасының
оқытушысы
полиция капитаны
М. Жумашев