Тағылымы мол тартымды кездесу

Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының күндізгі және сырттай оқыту факультетінің курсанттары мен арнайы бастапқы оқыту курсының тағылымдамашылары Қостанай облысы Полиция департаменті Қостанай қаласы Полиция басқармасының учаскелік инспекторы полиция майоры Жеделхан Нұрпейісовпен кездесті. Полиция майоры Ж.Нұрпейісов ағымдағы жылы «Полицияның үздік учаскелік инспекторы» республикалық байқауында «Облыстық маңызы бар қалалардағы үздік учаскелік инспектор» аталымы бойынша жеңімпаз атанған болатын.
Бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторларының міндеті  қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық және қоғамдық заң бұзушылықтарды болдырмау болып табылады.
Кездесу барысында полиция майоры Ж.Нұрпейісов қызмет бабында қолданылатын әкімшілік істермен, хаттаманың түрлерімен, учаскелік инспектордың төлқұжатымен таныстырды. Сонымен қатар күнделікті қызметте халықпен тығыз жұмыс жасап, олардың сұрақтарына дер кезінде жауап беріп,  барынша көмек көрсетуқажеттілігі туралы айтты. Қызмет барысында басынан өткен оқиғалар туралы сыр шертіп, тәжірибесімен бөлісті және де кездесуге қатысқандар жан-жақты сұрақтар қойды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшысының  білімі мен біліктілігі талапқа сай, халыққа жақын, адамгершілік қасиеттері мол болуы қажет. Сондай-ақ бұл құндылық кездесуге қатысып отырған әрбір тәртіп сақшысынан табылады деп ойлаймын.

Баспасөз қызметі