Тарихи күн қарсаңындағы кездесу


КСРО әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 32 жыл толғалы отыр. Осынау тарихи күнге орай ІІМ  Ш.Қабылбаев атындағы  Қостанай академиясының алғашқы кәсіптік даярлық курсының тыңдаушылары взвод командирі Шынғыс Жакибаев және идеологиялық жұмыс бөлімшесінің бастығы Теміржан Баймағановтың жетекшілігімен  Қостанай облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасы ұйымдастыруымен Ауған соғысының ардагерлерімен өткен кездесуге қатысты.


Полиция департаменті  мұражайының меңгерушісі Назира Цымбалюк қонақтарды мұражай экспонаттарымен таныстырды, таныстыру барысында  Қазақ хандығынан бастау алған құнды деректерден бастап, бүгінгі Қостанай облысының құрылу тарихына да ерекше тоқталды. Сонымен қатар Ұлы Отан Соғысы жылдары, Тың игеру кезеңдері мен Ауған соғысы ардагерлерінің естеліктері сақталған бұрыштармен, «Абырой, Ерлік, Міндет» деп аталған арнайы бөлімде Ішкі істер департаментіне еңбегі сіңген ардагерлер  мен қызметкерлердің еңбек жолымен таныс болды.
Кездесудің шымылдығын алғы сөзімен Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары  полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев ашып,  Ауған соғысының  ардагерлеріне алғыс білдірді. Өз кезегінде Қостанай облысының жергілікті соғыс және Ауғанстан ардагерлер одағының өкілі Мұратбек Жұбанышев, Қостанай облысы Полиция департаменті ардагерлер одағының өкілі отставкадағы милиция полковнигі Амангелді Умербаев, Ауған соғысының ардагері Шұғай Сапиев сөз алып, өскелең ұрпаққа сол кездегі  Ауған соғысының қиындығы мен қыспағы жайында әңгімелеп, бастан кешкен оқиғаларын да айтып берді.
Кездесу барысында Ауған соғысы ардагерлерінің естеліктеріне сүйсініп, олардың батылдықтарына, ерліктеріне куә болған тыңдаушылар өздеріне ой түрткі болған сұрақтарын қойып, тәрбиелік мәні зор жауаптарға риза болды.
Іс-шара жоғары деңгейде өтті.

ІСКБ инспекторы Қ. Нағашыбай