Талап Қабденов дәріс залы ашылды

Білім ордасында Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденов атындағы дәріс залы ашылды.
Аудиторияның ашылу салтанатына оқу орнының басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, генералдың бұрынғы әріптес достары мен туған-туыстары қатысты.
Заманауи технологиямен жабдықталған оқу залының лентасын Академия бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекенов пен отставкадағы судья Бақытқазы Ордабаев қиды.
– Оқу ордасының қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген тұлғалардың аты ұмытылмауы тиіс. Олардың өнегелі өмірі мен еңбек жолы бүгінгі жас буын үшін үлгі-өнеге болуы қажет. Осындай мақсатта ашылған жаңа аудиторияда өтетін сабақтар ішкі істер органдарына ерен еңбек сіңірген қайраткер, осы жоғары оқу орнының тұңғыш бастығы Талап Қабденұлының қызметімен сабақтаса берілуі керек деп ойлаймын. Курсанттарымыздың бойына отаншыл сезім ұялатып, Талап ағаның еңбек жолын өнеге ете білсек, жастардың нағыз елшіл, мемлекет мүддесіне адал азамат болып қалыптасуына өз септігімізді тигізе алғанымыз, – деді Нұрлан Биекенов.
Zoom платформасында ұйымдастырылған шараға Талап Қабденовтің өзі де қатысты. Ол: «Бейне байланысқа шығып, өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қиын кезеңде ашылған жоғары мектептің – институт, одан әрі академия болып қайта құрылғаны, оған Шырақбек Қабылбаев есімінің берілуі зор абырой. Шырақбек Қабылбаев – ішкі істер органдарының қара нары іспеттес болған тұлға. Осыны әрдайым ескеріп жүрсеңіздер, бүгінгі игі шараларыңыз да жастарды тәрбиелеуге септігін тигізсе екен деймін. Озық оқыту құралдарымен жарақтандырылған зал оқытушыға қанат бітіреді. Өзінің білімін аудиторияға ұғынықты, жан-жақты жеткізуіне жол ашады. Сондықтан да білім нәрін сіңіруде заманауи дәріс залының рөлі қашанда зор. Сіздердің осындай әр оң қадамдарыңыз мені қатты қуантады» – деп ризашылық сезімін жеткізді.
Іс-шара барысында оқу ордасының профессорлары: Сапар Қолдыбаев, Наталья Ким және өзге де құрметті қонақтар Қостанай жоғары мектебінің ашылуы кезеңінде атқарылған қарқынды қызметтер жөнінде әңгімелеп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан әрі LED экраннан жоғары оқу орнының тарихынан, оның тұңғыш бастығы Талап Қабденұлының өнегелі өмір жолы мен ғибратты қызметінен сыр шертетін деректі фильм көрсетілді.
Шараның соңында, мәні ерекше игі іске жиналғандар генералдың көрнекі портреті аясында естелік суретке түсіп, білім ошағының мұражайымен танысты.

Құрбанәлі Елмұратов,
ІСКБ бастығы