Сәбидің барлығы бақытты болуы үшін жаралған

Қазіргі кезде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі жетімдер болып отыр. Кез келген қоғамның қай уақытта да ең қорғансыз әрі әлжуаз бөлігі – жетімдер.

Ата-анасынан ерте айырылып жетімдіктің дәмін тату кім-кімге де оңай емес. Кез-келген сәби бақытты жанұяда тәрбиеленіп, ата-анасының ыстық құшағында ер жеткенді қалайды. Алайда бұндай бақыт барлық балаға бұйыра бермейді. Осындай жағдайды көргенде еріксіз жүрегін елжіреп, көзімізге жас келеді. Себебі, ол сәбилер осындай өмірді өздері таңдап алмайды. Сондықтан да жастардың бойына қайырымдылық пен мейірім сезімін ұялатып, келешек ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тауқыметіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аудару қажет-ақ.

2019 жылдың 26 мамырында 1 курстың 103 оқу тобымен «Дельфин» балалар үйіне бардық. Ол жерге барған мақсат біріншіден, кішкентай бүлдіршіндерді қуантып, оларға көңіл бөлу. Екіншіден, курсанттардың демалысын тиімді, әрі пайдалы өткізу болып табылады. Бұл 103 оқу тобының балалар үйіне алғаш баруы емес. Олар осы балалар үйіне жиі барып тұрады. «Дельфин» балалар үйінде олар кішкентай балаларды ойнатып, жәудір көзді сәбилердің көңілдерін көтеріп қайтты тәтті сыйлықтар беріп, оларды қуантты. 103 топтың ұлдары тек балалармен ойнап қайтпай, «Дельфин» балалар үйінің ойын ауласын жөндеп беріп, өз көмегін көрсетті.

Жетімдерге қамқор болу немесе қамқор болғандарға қолдау көрсетіп сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Әрбір адам баласы дүниеге жетім болу үшін келмейді. Сондықтан да қатыгездікке жол бермейік дегіміз келеді.

ӘҚ және ӘҚ бөлімінің оқытушысы
полиция капитаны
А.Әбдәлі