СЫР БОЙЫНДАҒЫ БЕЛДЕСУ

Ағымдағы жылдың 23-25 тамыз аралығында Сыр бойында орналасқан сайран қала Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған қаласында Ұлы отан соғысы және еңбек ардагері Ахмет Шынтайұлын еске алуға арналған белбеу күресінен 1999-2001 жылы туылған жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді.

Аталмыш аламан додамызға еліміздің әр өңірінен тепсе темір үзетін палуандардан құралған 12 команда қатысты. Солармен қатар сап түзеген Қостанай облысының құрамасыда ат шаптыра дайындаған жүйріктерін аламан додаға қосқан болатын.

Осы сайысымызда Қостанай облысының абыройын қорғаған қара көз қарындасымыз Бекет Қалдыгүл 76 келі салмақ дәрежесінде жүлделі  1 орынды иеленді. Ол өзінің білікті бапкерлері Б.Мұхамедияров, С.Рыздықов, А.Ахметов, К.Құдабаев атты жаттықтырушыларының қолында тәрбиеленіп, олардын үмітін ақтай білді десекте артық емес. «Ер атағын ел сақтар» дегендей облысымыздың жаттықтырушылары Д.Қарпықов, Е.Кабидуллиновтың қолында шындалған Бәшір Ғасырбек осы ұлан асыр сайысымызда 57 келі салмақ дәрежесінде 3 орынға жайғасты. Осылайша қос саңлағымыз алдағы әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл да бір облысымыздағы көптеген жаттықтырушылармен спорт сүйер қауымның төбелері көкке жетіп, қуанған сәті болғаны баршамызға мәлім.

Аталмыш дода 2019 жылдың желтоқсан айында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлем чемпионатына іріктеу жасау мақсатында өткізілген болатын. Еліміздің мықты палуандары осы сайыста сап түзеп «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей әлемнің мықтыларымен кездесіп оларға дес бермесіне және көк туымызды көкке өрлетіп, әңұранымызды шырқататынына сеніміміз мол.

Ж ж ДД кафедрасының

аға оқытушысы

полиция майоры

Е. Кабидуллинов