СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

Ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сұрақтары бойынша конференция өтті. Аталған конференцияға Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары, «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ғ.Нұрмұхамбетов, Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қостанай облысы департаментінің жетекшісі Қ.Бекбасов, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Э.Кузенбаев, құқық қорғау органдары мен ЖОО басшылары, ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы полиция полковнигі Н.Биекенов және күндізгі оқыту факультетінің курсанттары және т.б. қатысты.
Баршамызға мәлім, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап, жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі.
Сыбайлас жемқорлық — барша қоғамға кері әсерін тигізетін дерт. Оны жою бүкіл қоғамның мүддесі болып табылады. Конференция барысында сыбайлас жемқорлықты болдыртпау бағытында баяндамалар жасалды және «2019 жылғы Қостанай-адалдық алаңы» Жобалық кеңсесінің атқарылған іс-шаралары туралы айтылды.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықтың «тамырын» шабуға қарсы көптеген іс-шаралар атқарылуда. Осы таңда Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қостанай облысы департаменті, Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, «Қостанай-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Жастар жылы аясында шығармашыл жастардың шабытын шыңдау мақсатында облыстық жас ақындар сайысын өткізді. Сайыстың мақсаты – жастар бойында адалдық пен сенімділікті, парасаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, жас ақындар шығармашылығын қолдау болып табылды. Аталған облыстық жас ақындар сайысына ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының күндізгі оқыту факультетінің полиция қатарындағы 3-курс курсанты Лашын Ерболат «Жемқорлық — індет» атты өлеңімен жүлделі бірінші орынды иеленіп, кубок және грамотамен марапатталды.

«Жемқорлық- індет»

Ел болдық қанша ғасыр аңсап жүріп,
Дін мен тілді сағындық алшақ жүріп.
Жаратушым тарту еткен тәуелсіздік,
Келді емес пе халқымды тамсандырып.

Ұмыттың ба әлде талай бабамыздың,
Еркіндік деп кеткенін жан салдырып.
Кешегі аштық пен де қырып кетті,
Ыстық отқа еріткен майшам қылып.

Сондай наубет қысымнан шыққан қазақ,
Кешеге дейін шыдады ғой бой салдырып.
Тоқсан бірде еркіндік деп бір тыныстап,
Қуандық қой күллі әлемге жар салдырып.

Енді міне, ел болғанда бауыры бүтін,
Ойланайық көңілімізге ой салдырып.
Баста тұрған бақытыңды жұлып жемей,
Танытайық бабалардай байсалдылық.

Меңзегенім жемқорлық сол қоғамдағы,
Керек қой біздің қоғам оңалғаны.
Біреудің қалтасынан хақын ұрлап,
Баю болып кеткен көптің ой –арманы.

Көз жаспенен тығылып келген ақша,
Асың емес алаңсыз тоярдағы.
Бұл қазаққа жат жүйе қалыптасқан,
Ұзын құрттай алып бір томардағы.

Қазағым-ау ұрдың ғой өз еліңді,
Құс емессің бұрынғыдай қамалдағы.
Доғарайық осынау бір бассыздықты,
Осыма еді бабамыздың ақ арманы.

Қазаққа дос, бауырмал қазақ қана,
Бастасыншы ойлауды содан бәрі.
Ұнайма өзің құрған отбасыңның,
Үй бола алмай әр жаққа тоналғаны.

Ұзын құрттар жан-жақтан тесе берсе,
Құлар бір күн шыдай алмай томардағы.
Ел бақытын бас пайдаңа сатсаң бүгін,
Ұрпағыңа келер ертең обалдары.

Қайырымсыз бұл бес күнге масаттанбай,
Халіңді ойла ахретке барардағы.
Өлең жаздым осылай өзім құрып,
Отан дейтін көңілімде сезім күліп.

Әр нәрсені бастайық өзімізден,
Жасадым деп қандай бұрыс өзім
қылық.
Ал қалғаны бір Алланың
құзырында,
Оған тән ғой өйткені зор ізгілік.
Ал жастарды біз сияқты
жалындаған
Жемқорлыққа нөл пайыз төзімділік.

Конференция соңында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында өткізілген іс-шараларға және парасаттылық мәдениетін қалыптастыруда белсене ат салысқан бірқатар қызметкерлерге алғыс хаттар мен грамоталар табыс етілді.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықты жою – бұл тек қана мемлекеттің мүддесі мен міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат бұл мәселеде алаңдаушылықты сезінуі тиіс. Елімізді әрі қарай жаңғырту, өркениеттендіру болашақ міндеті. Сондықтан біздер болашақ ұрпаққа жемқорлықсыз таза өмір сыйлауымыз қажет.

Баспасөз қызметі