Салауатты өмір салтын ұстану қағидалары мен АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу шаралары

1 желтоқсан – Дүниежүзілік АИТВ/ЖИТС-ке қарсы күрес күні. Осыған орай, 2019 жылдың 28 қарашасында Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының дәріс залында КжСОФ 4 курс курсанттарына Қостанай облысы бойынша Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі, медицина ғылымдарының докторы Муржакупова Рашель Кайназаровна «Жұқпалы аурулар және олардың алдын алу жолдары» тақырыбында дәріс өткізді. Аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты – курсанттарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, АИТВ және ЖИТС-тің қазіргі таңдағы адамзаттың басты проблемасы екенін, оның зиянды жақтарын түсіндіру, ғасыр дертіне айналып отырған кеселдің залалын жан-жақты меңгерту, зиянды әдеттен барынша аулақ болуға шақыру.
Кездесу барысында Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі курсанттарға салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын, сондай-ақ АИТВ және ЖИТС секілді жұқпалы аурулардың алдын алу, олармен күресу жолдарын, жеке бастың тазалығын сақтау туралы айтып өтті. Сонымен қатар қазіргі таңда республикамызда Қостанай облысы бойынша ЖИТС/АИТВ ауруына шалдыққан адамдар санының статистикасымен таныстырды.
Жалпы кез келген адам өз өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұқпалы аурулардың зиянды әсерлерін ашуы керек, сана-сезімдерін барынша тәрбиелеп, салауатты өмір суруге деген жауапкершіліктерін орнықтыруы қажет болып табылады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында түрлі сатыдағы тұлғалармен кездеседі. Сондықтан олар кез келген жағдайда жұқпалы аурулар туралы барлық ақпаратты, олардың алдын алу жолдарын жақсы меңгерулері тиіс.
Аталмыш іс-шара соңында курсанттар өздерін қызықтыратын бірқатар сұрақтар қойды және медициналық қызметкер өз кезегінде курсанттарды салауатты өмір салтының принциптерін ұстануға, жеке бастың тазалығын сақтауға, өздерінің денсаулықтарына салғырт қарамауға шақырды.

4 курс курсанттарының
баспасөз қызметі