Отбасы – бақыт мекені

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ал жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақыты.
Отбасының құндылығы ата-анаңның қасында аман-сау жүргені, аяулы жарыңмен сыйластығың және балаларының амандығы деп білетін Бауыржан Ілияс бүгінде көпбалалы әке, отбасының тірегі.
ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ІІО әкімшілік қызмет кафедрасының оқытушысы полиция подполковнигі Бауыржан Ілияс Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, Асықата кенті, Үтіртөбе ауылында туып өскен, сол жерден орта білім алып, 2004 жылы Қостанай өңіріне қоныс аударған. Ілиясовтар отбасының тұңғышы Бауыржан мырза жары Гүлзат ханыммен 15 жыл отау құрып, бүгінде үш ұл, екі қызды тәрбиелеп отыр.

— «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Бала естігенді емес көргенді істейді. Біз балаларымыздың кішкентайынан үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруді үйретіп келеміз. Біздің басты парызымыз, оларға жақсы тәрбие беріп, біреудің ала жібін аттамауға үйрету. Міне отбасының құндылығы бізде осыда-дейді.
Ілияс мырза құқық қорғау саласында қызмет етуді балалық шағынан армандаған. Арманы мақсатына айналып, қазіргі таңда болашақ ІІО-на мамандар дайындауға зор үлесін қосып келеді. Үйде кішкентай құлыншақтарын тәрбиелесе, Қостанай академиясында болашақ полицейлерді тәрбиелейді.

— Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға деп Абай атамыз айтқандай. Менде бар білгенімді болашақ полиция қызметкерлеріне үйретуден жалықпаймын. Үйреткен білімді бойына дарытып, ұстаздан шәкірт озса ол мен үшін үлкен мәртебе еңбегімнің жемісі деп білемін. Ал болашақта балаларым әке жолын таңдаймын десе, мен оған қуанбасам ренжімеймін. Еліне, Отанына адал қызмет етемін деген баланың бетін қақпай, белін буып, оған жол көрсетуге әркез дайынмын. Отбасы деген шағын ғана мемлекетте берік те бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, соның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала,- деп сөзін қорытындылады. Ендеше ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ.