«Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра»

«Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Себебі бұл қазақ ұлтының төл аспабы домбыраның жарықтық үні әлі күнге дейін өзгермеген, өзгермейді де. Осындай керемет рухани құралымыз барын біз қазақ әрқашан мақтан тұтып, әрдайым домбыра үнін жаңғыртып жүруіміз керек. Дәл осы ұстанымды назарға алатын болсақ, біздің Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министірлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиямызда да бұл қасиетті қара домбырамыз шетте қалып жатқан жоқ. Себебі Академиямыздың басшылығы және тәрбие жұмысы бөлімінің ұжымымен құрылған домбырашылар ансамблі әр мереке сайын, әр айтулы сәт сайын сахнамызда бой көтеріп, әрдайым құлақ құрышын қандырып, төл өнерімізбен бір сәтке сусындатып тұрады.
Бұл аталмыш ансамбль 1998 жылы бой жасақтап, өнерлі домбырашы курсанттарды жинап, сап түзеген. Содан бері бұл ансамбль оқу орнымыздың көзайымына айналған. Және бұл ансамбль Республикалық байқауларда да өнер көрсетіп, жеткен жетістіктері аз емес. Соның бірі Петропавл қаласында ішкі істер аумақтық байқауында 1- орын, және 2018 жылы Актөбе қаласында өткен Республикалық ұлы дала мұрасы атты конкурста бас жүлдені қанжығасына байлаған.
Қандай болмасын оқу орнымыздағы мерекелік және спорттық іс-шаралар бұл ұжымның керемет күмбірлеген күйінсіз ашылып, тұсауы кесілмейді десек те артық емес. Осындай ұйымшыл керемет ансамблімізге еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан компизиторлар одағының мүшесі және Қостанай қаласының құрметті азаматы Қалибек Дерипсалдин ағамыз жетекшілік етеді. Мамырдың 21-інші жұлдызында шаңырағымыздың акт залында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыруға және «Жастар жылына» арналған аталмыш ансамблдің жылдық есеп беру концерттік бағдарламасы өткізілді. Бұл бір дүбірлі концертте ансамбль ұжымы керемет күйлер орындап, дуэт түрінде де жеке түрде де әртүрлі шығармалар орындады. Сондай-ақ білім ошағымыздың өнерлі маманы тәрбие жұмысы бөлімінің беделді қызметкері үрмелі аспатар оркестрінің жетекшісі Тимур Тулубаев пен ансамбль жетекшісі, әнші, композитор Қалибек Дерипсалдин косылып, керемет әндер шырқады. Бұл бір керемет есеп беру концерті өте қызықты өтті, және де көрермен болып келген 1, 2-курс курсанттарына рухани тәлім-тәрбие беріп, жүректеріне аз да болса патриоттық сезім ұялатты деуге де болады.
Аталмыш концертімізде Академия бастығы полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы Биекенов және оның орынбасары Ербол Төлегенұлы Қаппасов көрермен болып төрімізге жайғасты. Концерт аяқтала сала Академия басшылығы ансамбль ұжымымен естелік суретке түсіп, үлкен алғысын жаудырды. Академиямызда мұндай қазақтың нағыз төл өнер, қасиетті қара домбырамыз жақсы дамығанын мақтан тұтамыз!

полиция қатарындағы
3-курс курсанты
Әділ Ілияс