Мұражай – тарих айнасы


Мұражай – жәдігерлер мекені, тұнып тұрған тарих. Ал тарих туған жерден бастау алады. Еліміздің ертеңі тарихпен тығыз байланыста, сондықтан да мұражай тарихымыздан сыр шертетін бірден-бір асыл мұра. Осындай асыл мұралардың бірі – Қостанай облысы Полиция департаментінің құнды жәдігерлерге толы музейі. Биыл аталмыш мұражайға 50 жыл толды. Мерейтой қарсаңында ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкерлері мұражайға арнайы барып, жауынгерлік даңқ бұрышына саяхат жасап қайтты.
Бұл бұрышта Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымыздың соғыстан кейін ІІО қызметіне өтіп, еліне адал қызметін милиция қызметкерлері ретінде жалғастырған тарихы жөнінде баяндайтын фотосуреттер, құжаттар, жәдігерлер сақтаулы тұр. Қазіргі таңда өкінішке қарай Қостанай облысында мұндай әскери адамдар саусақпен санарлық.
Қостанай облысы Полиция департаментінің мұражайы – бұрынғы КСРО аумағындағы ІІО көне мұражайларының бірі және ҚазКСР мен Қазақстан Республикасындағы бірінші мұражай. Тарихқа толы архив біздің қызметкерлерді бейжай қалдырмады. Айтар болсақ, алғашқы милиционерлердің киім-кешектері, ардагерлердің архив қорына тапсырған құжаттары мен жәдігерлері, әсіресе архивтің басты құндылықтарының бірі Ұлы Отан соғысынан бері сақталған қарулар талай тарихтан сыр шертеді.
Әр түрлі уақыттағы полиция формасы бар экспонаттар және криминалистердің сирек кездесетін камералары, соғыс уақытындағы жауынгерлік қарулар, атақты қазақстандық генералдардың жеке заттары, батырлардың фотосуреттері үлкен әсер қалдырды. Академия қызметкерлері тарихы терең архив қорының құнды жәдігерлерімен танысып, мол ақпарат, ерекше әсер алды.

ІСКБ