Мемлекеттік және ұлтаралық тіл

Қазақстан Республикасының Ата заңына сәйкес, Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатын арттыру және сындарлы саясат орнатудың басты бағыттары бойынша Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнайтыны белгілі. Осы дәстүрге сай ағымдағы жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдау жасады. Онда бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Соның ішінде: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» – деген сөзі көбіміздің көңілімізден шықты. Неге? Себебі, сөз, ең алдымен, қазақ тілінің тұғыры одан әрі нығая түсетіні және оның ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатыны жөнінде болса, екіншіден, осы бағытта жұмыла жұмыс жүргізу қажеттігі турасында айтылып отыр. Жалпы бұны мемлекеттік тілдің кезекті қадамы, екінші тынысы ретінде бағалауға болады. Өйткені ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілгеніне біршама уақыт өтсе де, оның ұлтаралық қатынас тіліне айнала алмай келе жатқанын жақсы білеміз. Енді осы олқылықтарды жою үстінде үкіметтік деңгейде арнайы жұмыстар жүргізілетін болады. Алайда оны күтіп отырмай, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Және ол Президентіміз айтқандай, даңғазалыққа салынбай, жұмыла жүргізілуі тиіс.
Сонымен, Қостанай академиясында, яғни біздің оқу орнымызда, аталған мәселеге байланысты қандай жұмыстар қолға алынуы керек? Біздіңше, негізгі назар тілдік орта қалыптастыруға бағытталғаны жөн. Неге десеңіз, тілдік орта жасалса, тілдің тынысы кеңіп, қанаты керіле түседі. Сонымен қатар тілдік орта айналасын өзіне үйіре тартып, баурай жөнелетін ерек күшке ие. Оның мысалын, алысқа бармай-ақ өзіміз өмір сүретін қаланың күнделікті тіршілігінен де көре аламыз. Көшеге шықсаңыз да, аулаға енсеңіз де, қарым-қатынас тілінің қазіргі ұлтаралық тілге құрылғанына қарап, қайран қаласыз. Жетідегі баладан жетпістегі қарияға шейін сол тілде шүлдірлесіп, шаруаларын шешіп жатады. Осындай кереметтей ортаны қазіргі қолданыстағы мемлекеттік тілдің айналасына неге ұйыстырмасқа. Ол үшін әрбір мекеме мен ұйым күнделікті қызметінде қазақ тілін тұрақты тұтынып, оның қолданыс аясын кеңейте түссе болғаны. Өз кезегінде, оның нәтижесі мемлекеттік тілдің көсегесін көгертпей қоймайды. Қазақ тілін қалайда Қазақстанның тілі етеді.
Мәселен, қыркүйек айында академия қабырғасында ұйымдастырылған «Тіл апталығын» алалықшы. Сонда бөліністердің ана тілінде өткізген «Әдеби қонақ бөлме», «Тіл – достық көпірі», «Абай әлемі», «Мемлекеттік тіл – ортақ қазына», «Жаңа әліпби – жаңа белес» және басқа да іс-шаралары кезінде қазақ тілінің қанатын кеңге жайып, білім ордасында армансыз қалықтағанына куә болғандай күй кештік. Осындай қалып ұзара түссе, ертелі-кеш тілдік ортаның жасалуына алып келеді. Сондықтан ұйымда ұйымдастырылатын кез келген шараның қазақ тілінде өткізілуіне көңіл бөлінсе екен. Жоспарлы жедел кеңестер мен апта сайынғы қызметтік дайындықтарда мемлекеттік тілді меңгерген, көкейдегісін қазақ тілінде қайыра алатын азаматтар, алдымен қаракөз қандастарымыз, өз ана тілінде сөз сөйлесе, тіліміздің ұлтаралық қатынас тіліне айналуына қосқан өзіндік үлесі болар еді.
Жалпы, жоғарыда жазылғандарға қарап, оқу орнында тұшымды ешнәрсе атқарылмаған екен деген ой туындамауы үшін, мынадай жайттарға тоқтала кеткенді жөн санадық. Қазіргі таңда күндізгі оқыту факультетінде оқитын курсанттардың басым дені ана тілінде – мемлекеттік тілде білім алады. Қызметкерлерге қазақ тілін оқыту сабақтары өткізіледі. Академияда ісқағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшірілген. Шығыс хаттар 100 пайызға жуық қазақ тілінде жолданады. «Академияда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шарлар жоспары» әзірленген және онда көзделген шаралар уақтылы орындалып келеді.
Асылы, алыс жолды бірнеше қадамдардың нәтижесінде бағындыруға болатыны секілді, қазақ тілі өз тұғырына орнығып, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналсын десек, онда күнделікті өмірде не қызметте болсын, қазақ тілінде сөйлеуіміз қажет. Осылайша әрқайсымыз қазақ тілінің елімізде ұлтаралық қатынас тіліне айналуына өзіндік үлесімізді қосамыз. Ал ол өзін Қазақстан Республикасының азаматы санайтын әркімнің де қолынан келетін іс. Оның үстіне, Ел Президенті алға қойған мұндай мәртебелі міндетті орындау әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп санаймын.

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы
Құрбанәлі Елмұратов